АСТАНА. ҚазАқпарат – Иран астанасы Тегеранда 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors J100 TEHRAN OPTIGEN PRO JNIOR CHAMPIONSHIP турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жекелей сында Ақтау теннис мектебінің түлегі Даниал Рахматуллаев жеңімпаз атанды.
Даниал жартылай финалда үш сағаттан астам уақытқа созылған матчта отандасы Әмір Омархановты қапы қалдырды, есеп – 5:7, 6:3, 7:5.
Ал финалда ресейлік, жарыстың бірінші ракеткасы Дмитрий Буртцевтен басым түсті – 6:3, 6:3.
Ә.Омарханов жұптық сында болгариялық Иван Найденовпен бірге ақтық сында өзбекстандық Имран Хайтбаев – Беларусь өкілі Даниил Ряженковты ұтып, чемпиондық атаққа ие болды, есеп – 7:6 (7:2), 6:3.
Еске салайық, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Уимблдон турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).