Қазақстанның жасөспірім боксшылары АИБА-ның биылғы соңғы жарысына толық құрамда қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14-27 қараша күндері Санкт-Петерборда бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталады. Бұл жарыстар Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АИБА) биыл өткізетін соңғы сайысы, деп хабарлайды Азия бокс конфедерациясы.

«Биыл мамыр айында Павлодарда дәл осы жас санаты бойынша бокстан Азия чемпионаты өтті. Менің ойымша, Азия атлеттері алдағы Әлем чемпионатында өздерін жақсы қырынан танытады. Бәлкім, 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысатын жаңа бокс жұлдыздарының есімін білетін болармыз», - деді Азия бокс конфереациясының атқарушы директоры Бақдәулет Төреханов.

Әлемдік жарысқа 1998-1999 жылдары туған жас өрендер қатыса алады. Азия құрлығының 20 елінен 120 боксшының қатысатынын да атап өткен жөн. Үндістан, Иран, Қазақстан және Өзбекстан командаларының толық құраммен қатысатыны мәлім болды.

Санкт-Петербургтегі әлем біріншілігі 2016 жылғы Жастар арасындағы бокстан әлем чемпионаты бесінші рет өтеді, бұған дейін жарыстар Мексикада (2008 ж.), Әзербайжанда (2010 ж.), Арменияда (2012 ж.) және Болгарияда (2014 ж.) өтті.