Бұл туралы бүгін Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және «жасыл экономика» принциптерін енгізу мәселелеріне арналған семинар барысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
«Біздің министрлік таяуда Тұрақты даму кеңесі барысында Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу мүмкіндігі туралы баяндама жасады. Оған қоса ҚР Президенті Н.Назарбаев «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын әзірлеуге нақты тапсырма берді. Бұл жай ғана құжат емес, ол экономиканың барлық секторына да қатысты. Менің ойымша, аталған стратегияны жасауға 6-дан 12 айға дейін уақыт кетеді. Осыдан кейін ғана бізде Қазақстанда «жасыл экономика» енгізудің нақты жоспары болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, әзірше стратегияға қанша қаражатты қажет ететіндігін айтуға ерте. Нақты бюджеті «жасыл экономиканы» енгізу жоспары әзірленгеннен кейін белгілі болады.
«Біз әлем елдерінің оң тәжірибелерін пайдаланамыз, бұл ретте Германия мен Оңтүстік Кореяны атап өткен орынды. Олар «жасыл экономиканы» дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бүгінгі таңда әлемде экологияға қатысты көптеген проблема бар. Күнсайын табиғи ресурстар азайып, қоршаған орта бүлінуде. Сондықтан да адамзат үшін жасыл экономика көшу міндетті болып отыр», - деп атап өтті министр.