Қазақстанның жетекші спортшыларының денсаулығын ғалымдар қадағалайтын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жетекші спортшыларының байрақты бәсекеге дайындық барысындағы денсаулығын ғалымдар қадағалайтын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Спорт істері және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлім етті.

«Спорттық медицина орталығында 2 ұтқыр кешенді ғылыми топ құрылған. Жетекші спортшыларымыздың бекітілген кестеге сәйкес дайындығы кезінде олар саңлақтарымыздың денсаулығына бақылау жүргізетін болады», - деді Е.Қанағатов.

Осы ретте ол спорттық медицина орталығына бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, құрама командаға медициналық-биологиялық тексеру жүргізуді тапсырды.

Оның айтуынша, спорт мамандарының күш-жігерін топтастырып, медаль алуға қауқарлы спортшыларды медициналық-биологиялық ерекше бақылауға алу қажет.