Қазақстанның жетістігі Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасымен берік байланысты - Сербия Президенті Борис Тадич

АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат - Сербия Президенті Борис Тадич Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапары табысты өткенін атап көрсетті.

Бұл туралы Сербия Президенті Ақордада Мемлекет басшысымен болған кездесуден кейін «Хабар» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлім етті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметінен.

- Соңғы онжылдықтарда Қазақстан таң қаларлық нәтижелер көрсетіп отыр. Еске түсірер болсақ, 20 жыл бұрын Қазақстан жалақы және зейнетақы төлеу проблемаларын бастан кешірген болатын, ал бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Бұл дамудың жоғары деңгейі мен елдің жақсы басшылығын көрсетеді. Адамның бастамасынсыз ешнәрсе ешқашан өздігінен жүзеге аспайды. Қазақстанның жетістігі Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасымен берік байланысты. Елдің қандай табыстарға қол жеткізіп отырғанын, қандай инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылғанын, адамдардың тұрмыс деңгейі қалай көтеріліп отырғанын мен көріп отырмын. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде - әлем таныған мемлекет қайраткері. Ол кісі өте құрметті саясаткер және өз халқының және өз елінің тұрмысын жақсартуға қосқан оның еңбегін байқамау және бағаламау мүмкін емес, - деді Борис Тадич өз сөзінде.

Екіжақты қарым-қатынастардың дамуына баға берген Сербия Президенті, экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті болашаққа перспективалық жоспарлар жасауға мүмкіндік беріп отырғанын атап көрсетті. Атап айтқанда, фармацевтика, энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да салаларда ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр.