Салық Зиманұлы 1921 жылы 19 ақпанда Атырау қаласында өмірге келді. 1938 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, Форт-Шевченко қаласындағы қазақ орта мектебінде математика мен физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. 1939 жылы Грузияда әскери борышын өтеді, 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 4 рет жараланған. Ерен ерлігі үшін Ұлы Отан Соғысының I дәрежелі орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «За участие в героической обороне Кавказа», «За участие в героическом штурме и взятии Кенигсберга» медальдарымен марапатталды. Әскери борышын артиллериялық полк штабының бастығы болып аяқтаған Салық Зиманұлы бейбіт өмірде Қазақстанның жоғарғы заң білімінің және құқықтық ғылымының патриархы деген атқа ие болды. 1948 жылы сырттай Бүкілодақтық заң институтын бітіріп, ҚазКСР ҰҒА өз қызметін бастаған ғалым 1961 жылы заң ғылымының докторы, 1963 жылы профессор, 1967 жылы ҚР ҰҒА академигі атанды. Онда 1948-50 жылы аспирантурадада оқыған ғалым 1950 жылы құқық секторының бастығы, 1951-52 жылдары Философия және құқық секторының бірінші басшысы болды. Одан кейін Алматы заң институтының директоры (1952-1954), ҚазМУ заң факультетінің деканы (1955-1956), ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтының директоры (1958-1969), ҚазКСР ҒА Президиумының басты ғылыми кеңесшісі (1976-77), ҰҒА мемлекет және құқық институтының ұйымдастырушысы болды, 1950 жылдан бастап осы институттың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы бөлімін басқарды. 1991 жылдан оның құрметті директоры болып жұмыс жасаған С. Зиманов ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына (1990-1994) сайланды. 200 астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 12 монографияның авторы. Ол Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын дайындау комиссиясына жетекшілік етті. Оның тікелей қатысуымен маңызды саяси құжат - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң дайындалды. Ол мемлекеттің жаңа Конституциясының жобасын дайындауда сарапшылар тобын басқарды. Дүниежүзіне ірі ғалым-заңгер, педагог және ғылымды ұйымдастырушы ретінде танымал болған С. Зиманұлы - Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Ғылым Академиясы сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Атырау облысының және Алматы қаласының құрметті азаматы атанды.
12:01, 04 Қараша 2011
Қазақстанның жоғарғы заң білімінің және құқықтық ғылымының саңлағы, академик Салық Зиманов өмірден озды
АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, соғыс ардагері Салық Зиманов дүниеден озды.