Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттердің санын арттыру қажет - Білім министрлігі

АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандық білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті болуы үшін, ол экспортқа бағдарланған болуы тиіс. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 С.Ырсалиевтің атап көрсеткеніндей, Қазақстанда ағылшын тіліндегі бағдарламалардың аз болуынан және елдің жоғары оқу орындарында білім беру ағылшын тілінде жүргізілмеуі себепті, Қазақстан шетелдік студенттерді елге тарту үрдісі бойынша көптеген елдерден артта қалып отыр. Студенттерге білім беру үрдісінде импорт пен экспорттың Қазақстандағы ара-қатынасы 3-ке 1-ді құрайды. Егер шет елде 30 мың қазақстандық білім алса, шетел студенттерінің Қазақстандағы саны 10 мыңнан сәл ғана асады.

 «Қазақстандық білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті болуы үшін, ол экспортқа бағдарланған болуы тиіс. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауы бойынша, әлемде білім беру қызметтерінің нарығы жыл сайын 60 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл бағыттағы тұрақты көшбасшы Америка Құрама Штаттары болып отыр. Американың жоғары мектебі шетелдік студенттерден мемлекет оларға бөлетін қаражаттан 15 есе артық пайда түсіреді», - деді ол.

 Оның айтуынша, оқуға, тұратын жерге, тамақтану мен басқа да қажеттіліктерге жұмсалатын шығындарды қоса есептегенде, өзге елдерден келетін студенттерден түсетін экономикалық пайда жылына шамамен 100-120 миллиард АҚШ долларын құрайды.

 Қазақстандық білімнің экспорттық тартымдылығын арттыру мақсатында қолға алынған шаралардан кейін, шетелдік студенттер республиканың ЖОО-ларында білім алуға қызығушылық таныта бастағанын да айта кету керек. Мәселен, 2005 жылы Қазақстанда әлемнің 30 мемлекетінен 9153 шетелдік оқыса, өткен оқу жылында олардың саны 49 елден 10458 адамды құрады. Олардың дені Өзбекстан (3427), Қытай (2086), Қырғызстан (526), Моңғолия (205), Түркия (409) және тағы басқа елдерден келгендер. Өз кезегінде «Болашақ» бағдарламасынан бөлек өзге мемлекеттерде 30 мың қазақстандық білім нәрінен сусындауда.