Қазақстанның ЖОО-да білім берудің тиімсіз бағдарламалары қысқарады
21:55, 28 Шілде 2017
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарындағы маңызын жоғалтқан, тиімсіз білім беру бағдарламаларын қысқартуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағандыда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арнайы ведомство ЖОО-да бір қатар білім беру бағдарламаларын қысқарту мақсатында заң жобасын әзірлеп жатқандығын жеткізді.
«Біз білім беру бағдарламаларының тізілімін жасамақшымыз. Оған ЖОО-ның өкілдері өздерінің білім беру бағдарламаларын ұсынуға және оны қорғап шығуға мүмкіндігі болады. Егер ол ескірген немесе заман талаптарына сай келмейтін болса онда бағдарлама тізілімнен алынып тасталады. Сөйтіп біз екі-үш жылдың ішінде білім берудің тиімсіз бағдарламаларынан құтыламыз деген ойдамыз. Соның нәтижесінде ЖОО академиялық тәуелділікке қол жеткізетін болады», - деді министр.