Reuters: Оңтүстік Корея мен Қазақстан атом энергетикасы бойынша меморандумға қол қойып, стратегиялық маңызды минералдар саудасын талқылады
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Оңтүстік Корея мен Қазақстан президенті Ли Чжэ Мён мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Атом энергетикасы жөніндегі меморандум энергетика, мұнай, ғылым және технологияларды қоса алғанда, түрлі салаларды қамтитын 13 құжаттың қатарында болды.
— Қазақстанның болашақтың жоғары технологиялық салаларында әлеуеті зор және ол Оңтүстік Кореяның негізгі серіктесі, — деді Ли Чжэ Мён.
Екі ел сауда, энергетика, жасанды интеллект және стратегиялық маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Бұл Сеулдің шикізат жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылысымен тұспа-тұс келіп отыр. Оңтүстік Корея мұнай мен уран саудасымен шектелмей, екіжақты байланысты кеңейтуді, атап айтқанда, литий және басқа да стратегиялық маңызды минералдар бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
AJP: Корея мен Қазақстан мұнай және ядролық отын жеткізу бойынша келісімдер жасады
AJP мәліметінше, Сеулдегі саммит барысында Оңтүстік Корея мен Қазақстан қарым-қатынастарын жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру аясында шикі мұнай мен ядролық отын жеткізу салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты.
Тараптар Қазақстан мұнайын жеткізу, мұнай-газ кен орындарын игеру, ядролық отын жеткізу тізбегін қалыптастыру, сондай-ақ атом электр станциялары мен шағын модульдік реакторлар бойынша зерттеулер жүргізу бағыттарында бірлесіп жұмыс істейді.
— Бүгінде Корея Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі, — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өткен жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 3 млрд доллардан асты, ал Оңтүстік Кореяның Қазақстанға салған инвестициясы 12 млрд доллардан асқан. Мемлекет басшысының айтуынша, ынтымақтастықты одан әрі нығайту арқылы өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік бар.
Yonhap: Оңтүстік Корея мен Қазақстан Кореяның тәуелсіздігі үшін күрес тарихына қатысты нысандарды бірге сақтайды
Оңтүстік Корея мен Қазақстан Кореяның тәуелсіздік қозғалысына қатысты Қазақстан аумағындағы тарихи нысандарды бірлесіп сақтау жөнінде келісті. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Тиісті меморандумға Оңтүстік Кореяның Патриоттар және ардагерлер істері министрі Квон О Ыль мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге сапары кезінде қол қойды.
Екі ел тарихи құжаттар мен мәдени мұра нысандарын сақтауға, сондай-ақ академиялық алмасуларды кеңейтуге келісті. Қазақстанда Кореяның тәуелсіздік қозғалысына қатысты 25 нысан бар. Олардың қатарында 1943 жылы Қызылордада қайтыс болған Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен қолбасшы Хон Бом Доға арналған мемориалдық парк те бар.
Қазір Оңтүстік Корея бүкіл әлем бойынша елдің тәуелсіздік қозғалысына қатысты мыңнан астам тарихи нысанды зерттеп жатыр.
Al Jazeera: Оңтүстік Корея Орталық Азия елдерімен байланысты нығайтуға ұмтылып отыр
Оңтүстік Корея Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің басшыларын алғашқы президенттер саммитіне жинап, өңірмен маңызды пайдалы қазбалар, энергетика, технология және көлік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылып отыр. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.
Саммитке Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары қатысты. Бұл 2007 жылы басталған келіссөздің жалғасы саналады.
Орталық Азия елдері өз өнеркәсібін дамыту үшін инвестиция мен технология тартуға мүдделі болса, Сеул стратегиялық маңызды материалдарды жеткізу тізбегін әртараптандыруға және Қытайға тәуелділікті азайтуға мүдделі.
Назарбаев Университетінің саясаттанушысы Сабина Еңсебаеваның пікірінше, Орталық Азия Оңтүстік Кореяға стратегиялық маңызды минералдар, энергетикалық ресурстар, өндірісті әртараптандыруға мүмкіндік беретін балама алаңдар ұсына алады. Ал Корея өз кезегінде өңірге технология, капитал және өндірістік тәжірибе бере алады.
The Korea Herald: Қазақстан мен Корея мұнай және атом энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтпек
Оңтүстік Корея мен Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, стратегиялық маңызды пайдалы қазбаларды игеру және атом энергетикасы бағыттарындағы ынтымақтастыққа сүйене отырып, екіжақты қарым-қатынасты перспективалы жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге келісті. Бұл туралы The Korea Herald жазды.
Басылымның мәліметінше, бұл туралы екі ел президенті Сеулдегі саммитте мәлімдеген. Бұл 2009 жылы стратегиялық әріптестік орнағаннан бері екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру бағытындағы алғашқы ірі қадам.
— Қазақстан тек энергетикалық ресурстарға бай ел ретінде ғана емес, сонымен бірге Корея Республикасының экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызды серіктес, — деді Ли Чжэ Мён.
Тараптар энергия өндіру саласындағы бірлескен жобаларды дамытып, Қазақстанның стратегиялық маңызды минералдық ресурстарын Оңтүстік Кореяның өндірістік мүмкіндіктерімен ұштастыруды көздейді. Атом энергетикасы саласындағы келісімдер реактор технологияларын, шағын модульдік реакторларды және ядролық отынның тұрақты жеткізілімін де қамтиды.
The Times of Central Asia: Тоқаевтың Сеулге сапары кезінде Қазақстан Оңтүстік Корея инвестициясын тартты
The Times of Central Asia Қазақстанның стратегиялық маңызды пайдалы қазбаларды өндіру саласына Оңтүстік Кореядан көбірек инвестиция тартуға ұмтылып отырғанын жазды.
Қазақстан пайдалы қазбалардың елеулі қорына ие болса, Оңтүстік Кореяға автомобиль, аккумулятор, электроника және жартылай өткізгіштер өндірісі үшін шикізаттың сенімді жеткізілімі қажет.
Бұл бағыттағы ынтымақтастық қазірдің өзінде кеңейіп келеді. «Тау-Кен Самұрық» компаниясы мен Кореяның Геология және минералдық ресурстар институты геологиялық барлау және шикізатты өңдеу технологияларын дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Алматыда сирек және стратегиялық металдар бойынша бірлескен зерттеу орталығы құрылып жатыр.
Қазақстанның автомобиль және энергетика салаларында Hyundai мен Kia секілді оңтүстіккореялық компаниялар да кеңінен жұмыс істейді.
Басылымның жазуынша, ендігі міндет — Кореяның Қазақстанның минералдық ресурстарына артып отырған қызығушылығын өндіру мен өңдеу бойынша ауқымды коммерциялық жобаларға айналдыру.
Anadolu: Оңтүстік Корея мен Қазақстан атом энергетикасы және стратегиялық маңызды минералдар бойынша келісімге келді
Anadolu агенттігі Оңтүстік Корея мен Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын хабарлады.
Екі ел көшбасшылары стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект және басқа да маңызды салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті.
— Қазақстан энергетикалық ресурстарға бай, сондай-ақ болашаққа бағытталған озық салаларда әлеуеті зор ел. Бұл оны Кореяның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі серіктесіне айналдырады, — деді Ли Чжэ Мён.
Seoul Economic Daily: Кореяның тәуелсіздік қозғалысына қатысты тарихи нысандарды сақтау туралы келісім жасалды
Оңтүстік Корея мен Қазақстан Кореяның тәуелсіздік қозғалысына қатысты Қазақстан аумағындағы тарихи нысандарды сақтау және басқару жөнінде келісімге келді. Бұл туралы Seoul Economic Daily хабарлады.
Тараптар тарихи орындарда зерттеу жүргізіп, оларды мәдени мұра нысандарының тізіліміне енгізу бойынша жұмыс істеуге, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен осы орындарға қызығушылықты арттыратын бағдарламаларды кеңейтуге ниетті.
Оңтүстік Кореяның Патриоттар және ардагерлер істері министрі Квон О Ыльдің айтуынша, бұл келісім шетелде өз Отанының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалардың тарихи мұрасын сақтауға берік негіз қалыптастырады.
Меморандум 2026 жылғы «Корея — Орталық Азия» саммиті аясында жасалды. Құжат сонымен бірге ардагерлерді қолдау және тарихи жадыны сақтау мәселелеріндегі екіжақты ынтымақтастықты нығайтпақ.
The Korea Herald: Оңтүстік Корея мен Shin-Line Group Қазақстанда азық-түлік кластерін дамытады
Тараптар кластерді дамыту, сондай-ақ екі елдің нарығына шығатын азық-түлік компанияларына кеңес беру және қолдау көрсету бағыттарында ынтымақтаспақ.
Орталық Азиядағы ірі балмұздақ өндірушілердің бірі саналатын Shin-Line Қазақстанда CU дүкендер желісінің шамамен 70 нүктесін де басқарады. Бұл желі оңтүстіккореялық азық-түлік өнімдерін қазақстандық тұтынушылар арасында ілгерілету үшін пайдаланылмақ.
— Біз екі елдің азық-түлік компанияларына жаңа нарықтарға шығуға және дамуға мүмкіндік беретін практикалық ынтымақтастық тетігін қалыптастырамыз, — деді агенттік төрағасы Ким Док Хо.
Korea JoongAng Daily: Ли Чжэ Мён Қазақстан және Түрікменстанмен энергетикалық ынтымақтастықты күшейтеді
Екі ел мұнай жеткізу, геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, ядролық отын жеткізу тізбегін қалыптастыру және таза энергетика технологияларын дамыту бағыттарында ынтымақтаспақ.
Саммит қорытындысында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты қарым-қатынас перспективалы, болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
Ынтымақтастықты стратегиялық маңызды минералдар, жасанды интеллект, ғылым және технология салаларында кеңейту жоспарланып отыр.
UPI: Оңтүстік Корея Қазақстанмен қарым-қатынас деңгейін көтеріп, Түрікменстанмен ынтымақтастығын кеңейтті
Оңтүстік Корея Президенті Ли Чжэ Мён Қазақстан және Түрікменстан басшыларымен жеке кездесулер өткізіп, олардың қорытындысы бойынша энергетика, стратегиялық маңызды минералдар, жасанды интеллект және инфрақұрылым салаларында бірқатар келісімге қол қойылды. Бұл туралы UPI хабарлады.
Олардың қатарында мұнай жеткізу және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі уағдаластықтар бар. Соңғысы атом электр станциялары мен шағын модульдік реакторларды қамтиды.
Сеулдің бағалауынша, бұл келісімдер оңтүстіккореялық компаниялардың Қазақстандағы болашақ атом энергетикасы жобаларына қатысуына мүмкіндік ашуы мүмкін.
Ли Чжэ Мён сондай-ақ Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Екі ел инвестиция, инфрақұрылым және басқа да салалар бойынша 13 келісімге қол қойды.
Олардың қатарында 16 жылға созылған келіссөздерден кейін жасалған инвестицияларды қорғау туралы келісім бар. Ли Чжэ Мён оңтүстіккореялық компаниялардың Түрікменстандағы ірі өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және теміржол жобаларына қатысуына қызығушылық білдірді.
The Korea Times: Seoul Cyber University басшысы Қазақстанның «Достық» орденімен марапатталды
The Korea Times басылымының хабарлауынша, Seoul Cyber University президенті Ли Сан Гюн онлайн-білім беруді және Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның «Достық» орденімен марапатталды.
Мемлекеттік награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға «Корея — Орталық Азия» алғашқы саммитіне қатысу үшін барған сапары барысында табыстады.
— Мен екі ел арасындағы білім және мәдени алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ келешек ұрпақтың бірге дамуына мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың негізін қалыптастыруға жұмысымды жалғастырамын, — деді Ли Сан Гюн.
Seoul Cyber University Қазақстанмен көп жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. 2021 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай Сеулдегі университет кампусында қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылған.
Business Korea: Hyundai Engineering Қазақстандағы газ жобасы бойынша келісімге қол қойды
Hyundai Engineering пен қазақстандық ұлттық компания QazaqGaz Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобасын іске асыру жөнінде келісімге қол қойды. Бұл туралы Business Korea хабарлады.
Жоба бойынша кәсіпорын жылына 5 млрд текше метр шикі газ өңдеуге тиіс.
Hyundai Engineering италиялық EPC-компания SICIM-нің қазақстандық бөлімшесімен бірлесіп консорциумға жетекшілік етеді.
Hyundai Engineering жобалау және сатып алуға жауап берсе, құрылыс және іске қосу-баптау жұмыстарын компаниялар бірлесіп атқарады.
Келісім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан–Корея іскерлік дөңгелек үстелі барысында жасалды.
The Times of Central Asia: Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынасын не күтіп тұр?
The Times of Central Asia Оңтүстік Корея мен Орталық Азияның бес мемлекеті жиырма жылға жуық жалғасып келе жатқан ынтымақтастықты мемлекет басшылары деңгейіне шығарғанын жазды.
Алты ел стратегиялық маңызды минералдарды өндірумен қатар, оларды өңдеу және дайын өнімді жергілікті жерде өндіруді қамтитын жеткізу тізбегін нығайтуға келісті.
— Корея тәжірибесінің шынайы құндылығы бұрынғы үлгіні сол күйінде көшіруде емес, дарынды жастарды, стартаптарды, венчурлік капиталды және технологиялық кәсіпкерлікті қолдаудың заманауи тетіктерінде, — деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Герман Ким.
Энергетика саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазақстан мен Оңтүстік Корея атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімге қол қойды. Құжат зерттеу, қауіпсіздік, мамандар даярлау және болашақта шағын модульдік реакторларды дамыту бағыттарындағы өзара іс-қимылға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды қадам — Қазақстанның Оңтүстік Кореяның жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (Employment Permit System) қосылуы. Күтіліп отырғандай 2028 жылдан бастап бұл жүйе қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Саммит қорытындысында Сеул декларациясын қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен бірге ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді нәтижесі қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты инвестициялық және өндірістік жобаларға, тұрақты көлік қатынасына және жаңа жұмыс орындарына айналдыра алу мүмкіндігіне байланысты болады.
Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын осы жерден оқуға болады.