Қазақстан–Түрікменстан қатынастары: өзара сенім мен ортақ мүдделер

Коллаж: Kazinform; Pixabay; Peretz Partensky

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түрікменстан президенті Астанаға ресми сапармен келеді. Соңғы отыз жылдан аса уақыт ішінде Астана мен Ашхабад саяси, экономикалық және көлік-логистикалық салаларды қамтитын өзара ынтымақтастықты тұрақты дамытты. Серіктестіктің негізгі бағыттарын Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге талдап шықты.

Астана мен Ашхабад ынтымақтастығы

Түрікменстан – Қазақстан үшін тек көрші ғана емес, туысқан ел. Қос мемлекет тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде посткеңестік дипломатиялық байланыстардан шығып, жан-жақты әрі тұрақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

Бүгінде Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық Орталық Азиядағы ең ауқымды келісімдік-құқықтық базаға сүйенеді. Шамамен 70-ке жуық құжат екі ел қатынасының берік іргетасын қалыптастырады. Олардың ішінде Достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт ерекше маңызға ие.

Қос ел БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ИЫҰ халықаралық ұйымдары аясында да тығыз үйлесімде жұмыс істеп келеді. Соңғы екі жылдың бедерінде саяси диалогтің серпіні күшейді. Мемлекет басшылары бір жыл ішінде алты реттен аса жүздесіп, ШЫҰ, «Орталық Азия – Ресей», «Орталық Азия – Германия» форматтарында, Каспий саммиттерінде және екіжақты сапарлар барысында маңызды келіссөздер жүргізді. Әр кездесуде энергетика, транзит, өңірлік қауіпсіздік сияқты стратегиялық салаларда жаңа шешімдер қабылданып, нақты жобаларға жол ашылды.

Биыл сәуірде Түркістанда өткен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердымұхамедовтің бейресми кездесуі тараптардың саяси мәлімдемелермен шектелмей, практикалық деңгейдегі жүйелі ынтымақтастыққа көшуге дайын екенін көрсетті. Әсіресе, энергетикалық кооперацияны тереңдету, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, порттар мен транзиттік тораптарды цифрландыру бағыттары басты назарда.

Инфографика: Kazinform

Тауар айналымы қандай?

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс – екіжақты қатынастарды нығайту мен Орталық Азиядағы аймақтық саясатты қалыптастырудағы маңызды бағыт. Екі ел үкіметаралық экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық комиссиясының отырыстарын тұрақты түрде өткізіп, нақты жобаларды пысықтайды.

Мысалы, 2023 жылғы Астанада комиссияның 12-ші отырысы өтті. Онда сауда, қаржы, ауыл шаруашылығы, туризм, ғылым, білім және мәдениет салаларында ынтымақтастықты кеңейту жолдары талқыланды. Ал өткен жылы Ашхабадта өткен 13-ші отырыста тараптар жаңа жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді.

Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 555,7 млн АҚШ долларын құраған. 2025 жылғы алғашқы тоғыз айда көрсеткіш 363,6 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға өскен.

Қазақстан экспортының көлемі 221,7 млн доллар, ал Түрікменстаннан импорт 141,9 млн доллар болды. Жалпы оң динамика байқалса да сауданың құрылымы қарқынды арттыруды қажет етеді. Қазақстан негізінен жоғары қосылған құны бар өнім экспорттаса, Түрікменстаннан газ, ауыл шаруашылығы өнімдері мен негізгі химиялық заттар әкелінеді. Қазақстан экспортында телефон аппараттары, ұн, күнбағыс майы және металл өнімдері басым. Түрікменстан болса табиғи газ, көкөніс өнімдері, химиялық реагенттер мен текстиль жеткізеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Саясаттанушы, халықаралық коммуникациялар саласының сарапшысы Азамат Байғалиев тауар айналымының өсуінде әлеуетті барынша пайдалану қажеттігін айтады.

– Біз өңірдегі кооперациялық экономикалық процестердің барлығында стратегиялық серіктеспіз, алайда тауар айналымы әлі де төмен. Оны екі есе көбейту керек, – дейді саясаттанушы.

Орта Азиядағы бәсекелестік – инвестициялық табыстың кілті

Логистиканы жеделдету, «жасыл дәліз» жүйесін енгізу, инвесторларға кепілдік беру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктерді құру жобалары үйлескен жағдайда ғана инвестиция артады. Өткен жылы екі ел инвестицияларды өзара қорғау туралы келісім жасаған. Ол құқықтық қорғауды, ұлттық преференциялар режимін, салықтық жеңілдіктерді және инвестициялық жобалар үшін жеңілдетілген визалық режимді қамтамасыз етеді.

Дегенмен, кейбір шектеулер әлі де бар. Сарапшылар тек құқықтық қорғауға ғана емес, ашықтықты қамтамасыз ету, серіктестермен диалог орнату және инвестициялық процесті қолдауды жүйелеу мәселелеріне назар аудару керегін айтады. Азамат Байғалиевтің пікірінше, Орталық Азиядағы әрбір ел бәсекеге қабілетті болу керек.

– Түрікменстан бірлескен жобаларға белсенді қатыса бастады және әлемге ашылып отыр. Бұл – позитивті белгі. Орталық Азиядағы әр ел неғұрлым бәсекеге қабілетті болса, халықаралық деңгейде нәтижелерге қол жеткізуіміз соғұрлым жылдамдайды, – дейді Азамат Байғалиев.

Түрікменстан Қазақстан арқылы газ тасымалдауға ниетті

Түрікменстанда ірі табиғи газ қоры бар, ал Қазақстан көрші елді жеткізілімді диверсификациялау нүктесі ретінде қарастырады. Өткен жылдан бастап QazaqGaz пен Түрікменгаз тәжірибе алмасу, процестерді стандарттау және газ тасымалдау объектілерін бірлесіп пайдалану бойынша жүйелі технологиялық кооперация құрып келеді.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Астана мен Ашхабад Түрікменстан газын Қазақстан арқылы жеткізу маршруттарын талқылап жатыр. Қарастырылып отқан бағыттар қатарында Қытай, Иран және Оңтүстік Азияға жеткізу мүмкіндіктері бар. Энергияны қайта өңдеу, сақтау және трансшекаралық басқарудағы қатысуды кеңейту аймақтық жалпы энергетикалық кеңістікті құрудың маңызды тірегі бола алады. Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл энергетикалық нарықтың трансформациясы жағдайында аса өзекті.

– Келіссөздер нәтижесінде Галкыныш кен орны бойынша жол картасы пайда болуы мүмкін, бұл соңғы жылдардың ең ірі энергетикалық келісімдерінің бірі болмақ. Ол бізге ұзақмерзімді перспективада өте қажет болады. Түрікменстан қоры үлкен. Қазақстанға тұрақты тауарлық газ қажет, оны көршіден сатып алу тиімді. Бұл біздің экономикаға әсер береді және Түрікменстан үшін де тартымды болады, – дейді Айбар Олжаев.

«Жасыл дәліз» сауданы жеделдетеді

Қазақстан мен Түрікменстанның «Солтүстік – Оңтүстік» транспорттық дәлізіндегі орны айрықша. Қазақстан Ашхабад келісіміне қатысады, ал ол мультимодальды маршруттарды дамытуды көздейді. Қазір бірнеше негізгі бағыт жұмыс істеп тұр. Мысалы, Өзен-Берекет-Этрек-Горган арқылы Қазақстан мен Иран порттарын Түрікменстан аумағымен байланыстырады. Автокөлік дәліздері жүк тасымалдаудың жылдам әрі сенімді жолын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Түрікменбаши портында транзиттік хаб құру идеясы дамып келеді.

Дегенмен, инфрақұрылымның тиімділігі тек трассаға ғана емес, терминалдардың өткізу қабілеті, кедендік рәсімдердің жылдамдығы және жүйенің цифрлық үйлесімділігіне байланысты. Түрікменбаши портында терминалдар құру және оларды Қазақстанның теңіз платформаларымен байланыстыру екі ел шекарасында «жасыл дәлізді» жасауға мүмкіндік береді. Ол транзиттік жүктерді жедел өңдеуге, логистикалық шығындарды азайтуға, Қазақстанның экспорттық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.

Сарапшы Айбар Олжаевтың пайымынша, оны іске асыру Қазақстан жүктерін Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия нарықтарына жеткізу шығынын 15-20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

– Бізде теміржол және автокөлік байланысы дамыған. Жаңа трассаларды салудың қажеті жоқ. Маңыздысы – шекаралық учаскелерде жүктерді өткізу жылдамдығын арттыру, рұқсаттарды жеңілдету және транзит үшін «жасыл дәліздерді» енгізу. Егер толыққанды «жасыл дәліз» құрылса, сауда көлемі артады, – дейді экономист.

Басты мәселелер – су, экология және транзит

ҚСЗИ-дің Азия зерттеулері бөлімінің бас сарапшысы Болат Әуелбаев қос елдің күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселе барын айтады.

– Олар ортақ су ресурстары, экологиялық қауіптер және климаттың өзгеруіне қатысты. Ең маңыздысы – Каспий теңізінің таяздануы. Қазір бізге Орталық Азияны аймақтандыруға қатысты диалог жүргізу қажет. Талқылау қауіпсіздіктен бастап су және энергетика саласына дейін қамту керек, – дейді сарапшы.

Фото: ҚСЗИ

Әуелбаевтың пікірінше, суармалы жерлерге, жаңартылатын су көздеріне инвестиция салу, топырақты өңдеу мен тазарту жобаларын қаржыландыру маңызды. Бұған қоса экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен орталық құру, төтенше жағдайларды жоюға арналған жалпы протоколдар әзірлеу және индустриялық шығарындыларды азайтуға бағытталған трансшекаралық жобаларды қаржыландыру қажет. Мұның барлығы инвестор шығынын азайтып, тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы әріптестік қазір декларациялық серіктестіктен нақты жобаларға ойысып отыр. Осы трансформация арқылы Қазақстан Орталық Азиядағы интеграцияны алға сүйрейтін елге, ал Түрікменстан жаңа еуразиялық логистикалық тораптың сенімді буынына айналуы мүмкін.