Қазақта 120-дан астам ұлттық аспап бар

Фото: Баянды Сахарияның жеке архивінен

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында жаңадан ашылған өнер мұражайына 1600-ден астам ұлттық аспап қойылған. Музейге қойылған ұлттық аспаптарды жасау үшін 15-ке жуық шебер жұмыс істепті.

– Біздің кез келген қазаққа “Қазақтың қанша ұлттық аспабы бар?” деген сұрақ қойсақ, әрі кетсе 5-6-ын санап берер. Бірақ бізге дейін ғалымдардың түгендеп кеткен аспаптарын санағанда 120-дан астам ұлттық аспабымыз шығады. Мәселен, бір ғана ұрмалы аспаптардың 22 түрі бар. Біз оны ғалымдарымыздың еңбектері арқылы дәлелдеп, сол еңбектерге сүйеніп құрастырып, жазда Алматыдағы Қазақ ұлттық консерваториясына тегін табыстадық. Бұны студенттерге насихаттау үшін істедік, – дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасы бірлескен музейлер дирекциясы өнер музейінің басшысы Баянды Сахарияұлы.

Музейде бесаспап шеберлер қызмет етеді екен.

– Бұл аспаптарды жасап шығу үшін 15-ке жуық адам жұмыс істеді. Біздегі жігіттер жай ғана аспапта ойнамайды. Сол аспаптарды жасай да алады. Оған қоса, сол аспапты насихаттау үшін шығарма да жазады, – дейді мұражай басшысы.