12:30, 24 Қыркүйек 2013
Қазақта интернет-журналистика қалыптаса қойған жоқ
АЛМАТЫ. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ интернет-журналистикасы дамымақ тұрмақ әлі қалыптасып үлгерген жоқ.
Бүгін «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласының сұхбат алаңында өткен «Қазақ интернет-журналистикасының дамуы» деген тақырыптағы дөңгелек үстел жиынында осылай айтылды. «Қазақ интернет-журналистикасының дамуы туралы айту қиын. Өйткені оған ең алдымен ғылыми тұрғыдан анықтама беру керек. Қазақстандағы жағдайды Ресеймен не өзге де батыс елдерімен салыстыруға болмайды. Бізде дәстүрлі журналистиканың өзі мүлде басқаша. Оның қазақ тілді, орыс тілді деп бөлінуі сияқты өз ерекшеліктері бар. Интернет-журналистика болу үшін бірінші интернет-журналистер болу керек. Бізде әлі оларды дайындайтын кәсіби орта жоқ», - дейді «Media communications» саласын зерттеп жүрген блогер-журналист Асхат Еркімбай. Оның айтуынша, Қазақстанда кейбір жоғары оқу орындарында бірді-екілі пәндер болғанымен, оны оқытатын мамандардың даярлығы мен оқыту әдістемесі әлі қалыптаспаған. Оны зерттейтін ұйым да жоқ. Сондықтан ең алдымен оның негізін қалыптастыру қажет. Соның негінде мамандар даярлағаннан кейін ғана интернетте сапалы контент қалыптасатын болады. Қазір интернет-журналистиканы әр адам әртүрлі түсінеді. Ақпараттық технология саласындағы мамандардың қызметі туралы әралуан түсінік бар. Қазақ интернет-журналистикасында қазіргі таңда Қазақстан телеарнасы мен Азаттық радиосын үлгі тұтуға болады.