Қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмахановқа – 110 жыл
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін белгілі ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толды.
Павлодар облысы Баянауыл ауданының Төре ауылында дүниеге келген Ермұхан Бекмаханұлы қазақ тарихының нағыз жанашыры болды. Ол «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы. Сонымен қатар Ермұхан Бекмаханов қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған тоталитарлық жүйенің құрбаны да еді.
Воронеж педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып жүрген Ермұхан 1936 жылы сол қалада айдауда жүрген Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедовпен және Мұхаметжан Тынышбайұлымен кездескен. Жоғары білімді, озық ойлы Алаш зиялылары жас тарихшымен ой-пікірлер алмасып, болашақта үлкен ғалым болуына ықпал етеді.
Оқу бітірген соң Е.Бекмаханов Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында жұмыс істеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болды. Сонымен бірге Алматы ЖОО-ларында дәріс оқыды.1947-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде өзі негізін қалаған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген бұл еңбегіне буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеді, Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтады деп айып тақты.
1951 жылы «Правда» газетіндегі Е.Бекмұхановты қаралаған мақала жарық көріп, тарихшы университеттен қуылды және партия қатарынан шығарылды. 1952 жылы тұтқындалып, үш айға жуық тергелді. 1952 жылы желтоқсан айында Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ лагеріне айдалды.
— 1952 жылдың 30 тамызында Ермұқанды Новотроицкіге шығарып салдым. Кеткісі келмей, бірдеңе сезгендей, мазасыз күй кешіп еді. Айтқандай-ақ, 5 қыркүйекте оны тұтқындап, Алматыға әкеліпті. Сол күні біздің үйде де тінту жүргізілді. Кешкі сағат 10-да жұмыстан келсем, үйдің есігі ашық тұр. Бір бейтаныс қазақ тінтуге құжат көрсетті. Ермұқанға бірдеңе болғанын сездім. Ас-су беруге рұқсатты табаннан тозып жүріп бір ай дегенде әрең алдым, - деп еске алған еді Ермұханның жары Халима Бекмаханова естелігінде.
Сталин қайтыс болғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда ақталып шықты. Бостандыққа шыққан соң, тарихшы ғылыми еңбектер жазуды қайтадан қолға алды. Оның «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегі 1957 жылы Мәскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде жарық көрді. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми еңбектер жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихы оқулығын жазды.
Ғалым 1966 жылы небәрі 51 жасында ауыр сырқаттан көз жұмды.
Бекмахановтың жүз жылдық мерейтойына орай, 2015 жылы ғалымның өнегелі өмірін баяндайтын «Аманат» фильмі түсірілді. Фильм режиссері және сценарий авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетов, тарихшы рөлін актер Берік Айтжанов сомдады.
Е. Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақталды. 2015 жылы Алматыдағы Е.Бекмаханов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Е.Бекмаханов атындағы аудитория бар және тарих саласының өзекті мәселелері талқыланатын «Бекмаханов оқулары» 1993 жылдан бері өтіп келеді.