«Қазақтан шыққан Месси» талантты футболшылардың әлемдік рейтингіне кірді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз тумасы Еркебұлан Сейдахметті ағылшын тіліндегі Sideline Scouted порталы талантты футболшылардың әлемдік рейтингіне кіргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы ақпарат ресейлік «Уфа» клубының сайтында жарияланды. Осы клубтың сапына қыста қосылған Еркебұланға 114 футболшының арасында 56-орын бұйырды.

Клубтың сайтында Еркебұлан Сейдахметтің сұхбаты да жарияланған.

«Қазақтан шыққан Месси» деген атқа қалай қарайсың деген сұраққа жас футболшы: «Барлығын журналистер ойлап тапқан. Мен бұған баса мән бермеуге тырысамын. Месси, Роналду, Пеле, Марадонна сияқты фуболшылардың деңгейіне жетуді жұрттың бәрі армандайды. Ал мен Еркебұлан болып қалуға әрекет етемін. Мен кәсіпқой футболға енді ғана келдім. Үлкен жетістіктерге жету үшін көп жұмыс істеуім қажет», - дейді футболшы.

Жамбыл мектебі Сейілдә Байшақов, Вахид Масудов, Ваит Талғаев, Антон Шох, Евгений Яровенко сынды танымал футболшыларды берген. Солардың бірі Бауыржан Исламханды Еркебұлан кумирім деп біледі.

Айта кетейік, Е. Сейдахмет 2017 жылы әлем футболында жарқырап шықты. Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы сапында 2017 жылғы Гранаткин Мемориалының «Үздік шабуылшысы» атанды.

17 жастағы Еркебұлан ресейлік «Зенит» клубының жастар командасына қосылып, Италиядағы беделді «Viareggio Cup» турнирінде «Атлетик Юнион» қақпасына бір таймда төрт гол соғып, көзге түсті. Жасы жетпегендіктен, «Зениттің» негізгі командасына ауыса алмаған Еркебұлан «Тараз» ФК сапында Қазақстан Премьер-лигасында өткізген 15 ойында бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

Ұлттық құрамаға бас бапкер болып келген Станимир Стойлов жастарға сенім білдірді. Будапеште Венгрияға қарсы өткен жолдастық кездесуде Еркебұлан жарқын ойыны және голымен тағы да көзге түсті.

Ақпанда 18-ге толған Сейдахмет «Уфамен» ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойып, «Анжиге» қарсы дебют ойынында (3:2) командасы соққан голдардың барлығына өз үлесін қосты.