Қазақтанда 1035 ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі құрылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2013 жылдың мамыр айынан бастап барлық өңірлерде 1035 Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де откен брифингте ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай айтты.

«Қазақстанда 2013 жылдың мамыр айынан бастап 1035 ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Облыстар бойынша айтар болсақ, Алматы облысында - 271, Ақмолада - 266, ОҚО-да - 197, ШҚО-да 163 және басқа да өңірлерде осы шамалас мөлшерде кеңестер ашылған болатын. Олар облыстан бастап, аудан, ауыл деңгейіне дейінгі аумақты қамтиды. Сонымен қатар, мұндай кеңестер ірі өнеркәсіп орындарында да ашылады. Міне, дәл осы диалог алаңдары арқылы біз мемлекет пен халық арасындағы тығыз байланысты одан сайын бекіте түспекпіз», - деді Н. Шанай.

Оның айтуынша, кеңестер ел Президенті айқындап берген жалпыхалықтық, ішкі саяси мүдделерден биік және қоғамдық келісім институттары ретіндегі жаңа рөліне сәйкес ҚХА аясында құрылған.

«Кеңестер өңірлік әкімдіктер жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде қызмет істеуде. Оның құрамына ардагерлер ұйымдарының, саяси партиялардың, қоғамдық пікір көшбасшыларының, ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері енген», - дейді Н. Шанай.

Айта кетейік, ертең Астанада ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ғимаратында Қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық семинары өтеді. Іс-шара барысында Кеңестерді одан әрі дамыту, қоғамдық тұрақтылықты нығайту, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келесімнің қазақстандық үлгісін жетілдіру мәселелері талқыланып, өңірлер арасында тәжірибе алмасу мен таныстырылымдар өтеді, әлеуемттік зерттеулер және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл нәтижелері қаралатын болады.