НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Сербияда Прокупле ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жарыстың бірінші ракеткалары Ж.Құламбаева мен үндістандық Пратхан Тхомбаре финалда испаниялық Лейре Ромеро - хорватиялық Тара Вюртпен ойнауы керек еді.
Алайда Тара жарақат алып, кортқа шықпағандықтан, жеңіс қазақстандық-үндістандық жұпқа берілді.
Осылайша, Жібек Құламбаева биылғы маусымда ITF додаларындағы үшінші, барлығы 17-інші титулына қол жеткізді. Сонымен қатар ол жекелей сында екі рет чемпион атанған еді.
Алдағы аптада Жібек Нидерландыда Ден Хааг қаласында өтетін ITF W25 турнирінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Сербиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).