«Айқын» газетінің бүгін шыққан апталық нөмірінде «Қазақтар батыстағылардың танымын түзетті» деген тақырыпта мақала жарияланды. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихында оның «екі шылбыр, бір тізгінін» бір жыл бойы ұстаған елдердің саны көп, тіпті олардың толық тізімін ұйымның ресми сайтынан да табу қиын. Әйткенмен, сонау 1999 жылы Түркия еуропалық осынау белді ұйымға өшпес із қалдырғанын осы тақырыпқа маманданған сарапшылардың бәрі біледі. Құпиясы неде дерсіз?. Өйткені осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммиті өткен. Енді ұйым тарихында Қазақ елінің аты алтын әріптермен жазылып қалғалы отыр», дейді мақала авторы. Бұл материал жайында толық білгіңіз келсе «Айқын аптаның» бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, халық қалаулылары ұлттық заңнамаға елді елең еткізер жаңалық енгізгелі отыр. Кеше жалпы отырыстарына жиналған Мәжіліс депутаттары сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерді түзетін жобаны мақұлдады. Жобаға сәйкес, Мәжіліс депутаттары ел Үкіметіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бөлшек сауда бағасын мемлекеттік реттеуді ұсынып отыр. Яғни осындай тізімге енген барлық өнімдердің жеке құнының ұлықсат етілген шегі бекітілуі тиіс. Ал «әлеуметтік маңыздағы азық-түліктік тауарлардың бөлшек сауда бағасының ұлықсат етілген шегінен асып кеткен тұлғаларға қатысты әкімшілікті жауапкершілік» қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ қалаулылар әлдебір кәсіпкерді тауарымен жібермей қойған сауда желілерін немесе ірі сауда нысандарын да жазалауды ұсынуда. Бұл мәселе жөнінде «Айқын апта» басылымының бүгінгі санындағы «Нан бағасын депутат белгілей ме?» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Әділет» демократиялы партиясының бастамасымен өткен партияаралық кеңесте көтерілген мәселелер жөнінде жазған «Нұр Астана» басылымының хабарлауынша, еліміздің зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізу қажет. «Әділет» партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаевтың сөзіне қарағанда, мемлекетіміздің әлеуеті қазіргідей күшейген, экономикалық тұрғыда нығайған кезеңде зейнеткерлердің алып жүрген зейнетақылары өте төмен. Бұл туралы «Нұр Астана» басылымының бүгінгі санындағы «Зейнетақы жүйесіне өзгеріс қажет» атты мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санындағы «Қауіпсіздік кеңістігінен - қауымдастығына» деген тақырыппен берілген мақалада ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен 9 ай ішінде Қазақстанның тиімді басқару қабілеті мен мүмкіндіктері айтарлықтай көрініс бергені айтылады. ЕҚЫҰ төрағасының бастамасы, яғни Қырғызстандағы жағдайды реттеуге, бауырлас қалпақты ағайынға өзі ғана көмек қолын созып қана қоймай, өзгелерді тарту арқылы Орталық Азияда тұтанып кете жаздаған үлкен қақтығысты болдырмауға күш салуы, Қарабақ жағдайын реттеуге атсалысуы, Ауғанстан мәселелерін шешуге белсене араласуы өзге елдер тарапынан жоғары бағаланды. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығы тұсында атқарған істері мен қол жеткізген жетістіктері жөнінде «Нұр Астана» басылымының бүгінгі санындағы жоғарыдағы мақаладан біле аласыздар.
***
«Астана ақшамы» басылымының жазуынша, елімізде жел энергетикасын дамытудың маңызы зор. Біріншіден, жел энергетикасы жағатын отынның бағасына тәуелсіз, таусылмайтын энергия қорына негізделген. Зиянды заттар мен парниктік газдардан да ада, таза экологиялық қуат көзі. Аталмыш энергия көзінің бірнеше ғасыр көлемінде жергілікті климат пен жел күші ерекшеліктеріне қарай жетілдірілген түрлері және желқондырғыларының дамыған әлемдік нарығы бар. Аталмыш саланың инвесторлар үшін де тартымдылығы зор. Себебі, бұл салада әлі ірі мемлекеттік компаниялардың басымдығы жоқ. Сол себепті жаңа нарық секторына ірілі-ұсақты әртүрлі деңгейдегі компаниялар қатыса алады. Аталмыш мәселемен «Астана ақшамының» бүгінгі санындағы «Жел қуатын жаратқанымыз жөн» атты мақаладан танысуға болады.
***
«Алматы ақшамы» басылымының бүгінгі нөмірінде «Ақпараттық технологиялар қазақша сөйлейді» атты мақалада жарияланған. Мақалада: « Қазақстан бүгінде транзиттік мемлекетке айналып келеді. Сондықтан үш тілді қуамыз деп шығынға батып, тіпті күлкілі жағдайға қаламыз. Егер латын әліппесіне көшсек, жолдағы жазбалар, қала, аудан, ауыл атаулары, көлікке және өзге де атауларға байланысты жазулар тек мемлекеттік тілде жазылар еді. Бұл жазулар латынша барлығына да түсінікті және де халықаралық стандарттарға сәйкес болар еді!», делінген. Осы мақала жайында білгіңіз келсе «Алматы ақшамы» газетінің бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде 2010 жылы аталмыш ұйымның ауғандық стратегиясын ұсынды. Ол негізінен үлкен әскери емес гуманитарлық бағыттағы жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Өз кезегінде аталмыш шаралар Ауғанстандағы жағдайды реттеуге үлкен септігін тигізіп, ондағы ахуалды оңалтады деп күтілуде. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында берілген «Афганский вектор ОБСЕ» атты мақаладан білуге болады.