Қазақтар халық санын қалай есептеген
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгінгідей санақ, база, цифр жоқ заманда қазақтар халық санын қалай білген? Көшпелі қоғамда «статистика» деген ұғым болмағанымен, ел өз санын шамалап болса да есептей алған. Бұл жүйе қалай жұмыс істеді?
әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Қазақ хандығы дәуірінде нақты есеп жүргізу мүмкін болмағанымен, өзіндік өлшемдер болған.
— ХV-ХIV ғасырлар аралығында халық санын дәл анықтайтын нақты әдістеме болған жоқ. Алайда шамалап есептеу тәсілдері қолданылды, — дейді ғалым.
Көшпелі қоғамдағы басты есеп бірлігі — ұлыс болды. Бұл тек аумақ емес, белгілі бір халық санына ие әкімшілік құрылым еді.
— Деректерде бір ұлыста шамамен 10 мың шаңырақ болғаны айтылады. Ал бір шаңырақта орта есеппен 5-6 адам тұрған, — дейді Берекет Кәрібаев.
Осы есеппен қарағанда, бір ұлыстың халқы 50 мың мен 80 мың аралығында болған.
— Қазіргі өлшеммен бұл — бір ауданның халқы, — деп нақтылады тарихшы.
Алғашқы «миллион»: Қасым хан дәуірі
Қазақ халқының жалпы саны туралы алғашқы ірі дерек Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегінде кездеседі.
— «Тарихи Рашиди» кітабында қазақтардың саны 1 миллионнан асқаны айтылады. Бұл — Қасым хан тұсындағы ең қуатты кезең. Сол кезде Қазақ хандығының аумағы Ертістен Еділге, Тобылдан Сырдарияға дейін жеткен, — дейді ғалым.
Алайда бұл сан бір сәтте пайда бола қалған жоқ.
— Бұл аймақта Қазақ хандығына дейін үш ірі ұлыс болған: Маңғыт, Шибан және Орда-Ежен. Солардың жиынтық саны шамамен 1 миллионға жуық, — дейді Кәрібаев.
Ал Керей мен Жәнібек бөлініп шыққанда, барлық халық бірге кеткен жоқ.
— Орда-Ежен ұлысының толық құрамы көшкен жоқ, шамамен үштен бірі немесе жартысына жуығы ғана бөлінді. Соның өзінде аз уақыт ішінде олардың саны 200 мыңға жеткен, — дейді ол.
Шаңырақпен саналған дала
Бұл тәсіл кейінгі ғасырларда да сақталды. XIX ғасырда Ресей империясы қазақ даласын зерттей бастағанда да халық саны шаңырақ арқылы есептелді.
— Орынбор генерал-губернаторы Волконский қазақтардың санын саудагерлерден сұрап жинаған. Әр ру, оның қыстауы, басқарушысы, қанша шаңырақ бар — бәрі солай тіркелген. Алайда бұл нақты санақ емес, шамамен алынған деректер еді, — дейді тарихшы.
Ол халық саны туралы деректерді жинаған зерттеушілердің бірі — Левшин болғанын айтты.
— 1832 жылғы еңбегінде ол қазақтардың санын 2-3 миллион деп көрсетеді, — дейді Кәрібаев.
Алғашқы ресми санақ
Қазақ даласындағы алғашқы толыққанды халық санағы 1897 жылы өтті.
— Сол санақ бойынша қазақтардың саны шамамен 4,5 миллион болған. Бірақ бұл толық көрсеткіш емес. Себебі халық арасында ерекше түсінік болған. — «Адамды санама» деген ырымға байланысты көпшілік өз санын жасыруға тырысқан. Кейбір ру-тайпалар мүлде тіркелмей қалған, — дейді тарихшы.
Неге халық санын білу маңызды болды
Халық санын есептеу тек қызығушылық үшін емес, нақты қажеттілік еді.
— Әрбір билеуші өз қол астында қанша халық барын, қанша әскер шығара алатынын білуі керек болды, — дейді ғалым.
Қазақтар халық санын бүгінгідей дәл цифрмен емес, «ұлыс», «ру», «шаңырақ» сияқты ұғымдар арқылы есептеген. Бұл — көшпелі өмір салтына бейімделген, өзіндік қисыны бар демографиялық жүйе, яғни далада санақ боды, тек бұл басқаша жүргізілді.
Еске салайық, бұған дейін қазақ жыраулары хандарға қалай әсер еткені туралы жазғанбыз.