Қазақтар шекарадағы Қиғаш өзенінен балық аулаудан заңсыз шеттеліп келеді – С.Еңсегенов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтар шекарадағы Қиғаш өзенінен балық аулаудан заңсыз шеттеліп келеді. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сәрсенбай Еңсегенов осылай мәлімдеді.

«Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш трансшекаралық өзенінің жағасында орналасқан 6 ауылдық округке қарайтын 11 елді мекен тұрғынының басым көпшілігінің тіршілігі осы балық шаруашылығымен байланысты. Ауланған балық өнімдерінің көбі сол жерде өңделеді. Балық өнімдері бәсекеге қабілетті, олар негізінен шет елдерге шығарылады. Бірақ, балық шаруашылығының дамуына, оның мүмкіндігін толық пайдалануға кедергі болып отырған жайттар да бар. Оның ең бастысы Қиғаш өзенінен балық аулау мерізіміне байланысты», - дейді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Үкіметі 2012 жылы «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» қаулы қабылдаған. Осы Қаулының 1-ші қосымшасына сәйкес Жайық-Қиғаш балық шаруашылығы бассейні бойынша жекелеген орындар мен учаскелер үшін 1 мамырдан бастап балық аулауға тыйым салынған.

Осыған орай, депутат Қиғаш өзенінің трансшекаралық мәртебесі ескерілмей отырғанын алға тартады.

«Қиғаш өзенінен Ресей Федерациясының, соның ішінде Атырау өңірімен шекаралас Астрахань облысының балықшылары да балық аулайды. Бірақ, Ресей Федерациясында Қиғаш өзенінде балық аулау мерзімі мамыр айының 25-не дейін белгіленген. Мен Ресейдің Астрахань қаласындағы «Каспий балық шаруашылығы ғылыми институты» мен «Росбалықаулау» Волго-Каспий аймақтық басқармасының басшылығымен және ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Ресей өкілдері Қиғаш өзенінен мамыр айының 25-не дейін балық аулауға рұқсат беру бірнеше жылдар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулерге негізделгенін және оның Қиғаш өзенінде балық қорының өсуіне кері әсерін тигізбейтінін түсіндірді. Сонымен бірге, олар Қиғаш өзеніне балықтың кіруі сәуір айының соңғы онкүндігінде басталып, аталмыш өзенде балықтың негізі мамыр айының 1- 20 аралығында болатынын айтты», - дейді депутат.

Осыған орай, сенатор трансшекарадағы Қиғаш өзенінен балық аулауға қатысты екі түрлі ұстаным болғандықтан, Қазақстан балықшылары ұтылыста қалып отырғанын айтып өтті. Ресей балықшыларынан балық аулауды 25 күн бұрын тоқтату отандық тауар өндірушілердің табысына, жұмысшылардың еңбек ақысы мен әлеуметтік жағдайларына кері әсерін тигізуде.

«Мұндай қисынсыздықтан мемлекет кірісіне түсетін төлемдер мен салықтардың да түсімі төмендейтіні белгілі. Бұл жағдай балық кәсіпшілігіндегі адамдармен бірге, ауыл тұрғындарының да түсініспеушілігін, олардың орынды реніштерін туғызып отыр. Сондықтан, тиісті мемлекеттік органдар бұл жайды шұғыл қарап, қажетті заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуі керек. Осы арада Қиғаш өзеніне балықтың кіру мерзімі мен қозғалысы туралы «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» дайындаған биологиялық қорытындынының Ресей ғалымдарының зерттеу нәтижелерімен сәйкес келмейтінін де қаперге алсақ», - дейді С.Еңсегенов.