«Қазақтар тәуелсіздік үшін күреспеді» деу - ұлтты қорлау - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 мамыр, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Респуб­ли­­ка­сының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің төр­аға­лық етуімен Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Қор­ғаныс министрлері кеңе­сі­нің (ҚМК) отырысы өтті. Оған Армения, Беларусь, Қыр­ғыз­стан, Ресей, Тә­жікстан, Өзбек­стан қор­ға­ныс министр­ліктерінің деле­га­циясы мен ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты. Қорғаныс ведомстволары­ның басшылары әскери ынты­мақ­тастықты бірлесіп дамыту мен жетілдіру жөніндегі шара­ларды және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің одақтық ынтымақтастығын күшейту қажет­тігін талқылады. Сондай-ақ, ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерін заманауи қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жабдықтау мәселелері, оларды дамыту мен жетілдіру, әскери-техни­калық, әскери экономикалық ынтымақтастықты дамыту, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері үшін әскери кадрлар жүйесін жетілдіру жайы қаралды. Мақала «Мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды» деген тақырыппен берілді.

 «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде жер қатынастарына қатысты мәселе қаралды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Қоғамдық кеңес қанағаттанбады» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, жиында баяндама жасаған облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының міндетін атқа­рушы Рүстем Төкеновтің айтуынша, 2011 жылы сот арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланбау салдарынан қазы­наға 71 миллион теңге қаржы қайтарып алынған. Жеке тұрғын үй құрылысына байланысты Астанаға іргелес 20 елді мекенде күрделі жағдай қалыптасқан. Мұнда 13 014 жер телімі бөлінгенімен, дәл қазір 1 277 үйдің ғана құрылысы толық аяқталса, 6 479 учаске иесі үй тұрғызуға кіріскен де жоқ. «Жиналыс есеп берушілер күн тәртібіне қойылған мәселенің мәнін терең түсінбегенін, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде тұшымды мағлұмат берілмегендігін атап көрсетіп, олардың есебін қайта тыңдау туралы қаулы қабылдады», - деп жазады басылым.

***

Қазақстан тарихының даулы тұстары, Жаңаөзен оқиғасы, алғашқы ғарышкердің саяси қадамы мен «мұрагер» тақырыбы Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ермұхамет Ертісбаевтың «Айқын» газетіне берген сұхбатында талқыланды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «орыстар Қазақстанға өркениетті әкелді деу дұрыс емес. Орыстардың өздері, мәселен, оларға орыс мемлекеті қалыптасуында ең алдымен викингтер, сонан кейін татарлар басты рөл атқарды десең, өкпелейді. Көшпелі және қалалық өркениет бар. Олар өзара ықпал етті. Бірақ Батысты кенеттен көтермелеу басқа елдерді де қалалық мәдениеттің жолына түсуге итермеледі. Қазақтар ежелден Қытай, Ресей, Бұхара, Хиуамен де қызу сауда-саттық жасасты. Ұлы Жібек жолы Қазақстан арқылы өтті. Сондықтан егер қазақтар тәуелсіздікті 1917 жылы алған болса, онда дамудың ортақ векторы өзгермес еді, дәлірек айтқанда: өнеркәсіптік жағынан дамыған Ресеймен тығыз ынтымақтастық орнатқан болар еді. Кез келген кішкентай ел өзіне ұлы державадан одақтас іздейтіні анық»,  дейді. Сұхбат «Қазақтар тәуелсіздік үшін күреспеді» деу - ұлтты қорлау» деген тақырыппен берілген.

***

«Ақтөбелік тұрғын «Тәуелсіздік - ел бақыты» атты ұран сөз жазылған тақтайшамен әжетханасының бір қабырғасын жауып қойған. Қаланың көне бөлігінде, яғни А.Иманов көшесіндегі бұл олқылықты көріп, жаға ұстап, бет шымшыған жайымыз бар. Жар салып жазбасақ, тұра беретін, әрі-бері өткен қазақты мың өлтіретін сыңайлы»,- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ұрандап кіретін әжетхана» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Тәуелсіздік күні қарсаңында ша­ғын және орта бизнес өкілдері, дүкендер мен көлік жөндеу орта­лық­тары «Тәуелсіздік - ел бақыты» атты ұранды жиі іледі. Тіпті, қатар тұрған екі кәсіп иесі де осы сөзді таңдап, жазып қоятын болып жүр. Бұл әкім­шіліктен келген тап­сы­рыстың, өтініштің орындалу жолы ғана. Ал мына Иманов көшесі бойындағы жеке үйдің әжетханасында ілініп тұрған сөзді қоғамдық көлікте келе жатып, терезеге телмірген әр жолаушы көре алады.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында техника ғылымының докторы, профессор Алллаярбек Айдосовпен арадағы сұхбат «Шетелдік алпауыт компанияларға халыққа арнап әлеуметтік жобалар ұйымдастыруды міндеттеу керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Мемлекеттің іргелі, қуатты, экономикасы дамыған мемлекетке айналуының екі жолы бар. Бірі жерасты қазба байлықтары арқылы болса, екінші жол адамның басы арқылы. Қазір көптеген елдер, шыны керек, адамдарының басы арқылы байып отыр. Ойлап табылған жаңалықтар сол замат өндіріске енгізіліп, бүкіләлемдік қолданысқа түсуі сол елді үлкн пайдаға кенелтуде. Ал біз әзірге қазба байлықтарымызға иек артық», - дейді.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Рашид Түсіпбековті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Р.Түсіпбеков Қазақстан Президентіне қаржы полициясы органдарының 2012 жылғы бірінші тоқсандағы жұмы­сы­ның нәтижелерін баяндады. Мыса­лы, өткен жылдың осы кезеңімен са­лыс­тырғанда, сыбайлас жемқорлықтың анықталуы 23 пайызға, экономикалық қылмыстардың анықталуы 6,5 пайызға артқан. Ведомство басшысы, сондай-ақ Мем­лекет басшысын қаржы полициясы қызметкерлерінің кәсіпкерлік қызме­тіне араласпауы және бизнеске әкім­ші­лік қысымды төмендету жөнінде қа­был­данған шаралар туралы хабардар етті.