Қазақтардан да өз Илон Маскі шығуы әбден мүмкін — экс-депутат Нұртөре Жүсіп

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп Адырна порталына берген сұхбатында жастарға шабыт беретін тұлғалар туралы еңбектерді көбейту қажет екенін айтты.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Ол әлемге жаңашылдығымен танылған Илон Маск секілді адамдардың табыс жолын зерттеумен қатар, Қазақстаннан да сондай ауқымды ойлайтын, технология мен ғылымда серпіліс жасайтын азаматтарды кеңінен насихаттау маңызды екенін атап өтті. 

Оның пікірінше, «қазақтардан да өз Илон Маскі шығуы әбден мүмкін», ол үшін жастарға нақты үлгі болатын оқиғалар көбірек айтылуы керек.

— Сонымен қатар, мәселе тек кітап жазумен шектелмеуі тиіс. Мұндай оқиғалар қызықты форматта ұсынылып, кеңінен насихатталғаны маңызды. Әйтпесе, сапалы еңбек жазылғанымен, оны аз ғана адам оқыса, негізгі мақсатқа жету қиын. Сондықтан ғылым, технология және кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен тұлғалар туралы кітаптармен қатар, деректі фильмдер, сериалдар және білім беру жобалары да көбірек жасалуы қажет, — деді ол.

Осылай деген белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп дамыған мемлекеттердің жетістікке жетуінің басты кепілі — темірдей тәртіп пен уақытты жүйелі пайдалану дейді.

— Алайда, қазіргі қазақ қоғамында сағаттап кешігіп басталатын той-томалақтар мен түн ортасына дейін созылатын жиындар уақытты ысырап етіп, адамның биологиялық ырғағын бұзып жатыр. Шала ұйқымен, уақытылы демалмай ертесіне жұмысқа шыққан қоғамнан өнімді еңбек пен сапалы нәтиже күту мүмкін емес дейді ол. Сондықтан биологиялық заңдылықтарды сақтап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау — ел болашағы үшін аса маңызды қадамның бірі.

Бүгінгі жаһандық бәсеке заманында озық технологиялы Жапония, Оңтүстік Корея мен Еуропа елдері зымырап алға озып барады және олар біздің көшімізді түзеткенімізді күтіп тұрмайды. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген қазақ даналығына сүйеніп, жастарымыз мақсатсыздық пен ұйқысыздық дертінен арылуы қажет. Тек уақытты бағалайтын, тәртіпке бағынған және заман ағымына сай икемді әрекет ете алатын ұлт қана әлемдік көшке ілеседі, — деді Нұртөре Жүсіп.

Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп күн сайын оқылған кітап ой-өрісті кеңейтіп, тіл байлығын арттыратынын айтты.

Ол «Кітап оқып жетістікке жеткен адамды көрсетіңізші?» деген сұраққа жарқын мысал деп Қасым-Жомарт Тоқаевты атады.

— Ол жазушының отбасында тәрбиеленіп өсті. Көп оқып, білімге ерекше көңіл бөлді. Соның нәтижесінде бүгінде қытайлармен қытай тілінде, ағылшындармен ағылшын тілінде, француздармен француз тілінде, көрші елдердің басшыларымен орыс тілінде еркін сөйлесе алатын дипломат. Кітап оқу адамды бір күнде өзгертпейді. Бірақ күн сайын оқылған кітап ой-өрісті кеңейтіп, тіл байлығын арттырып, үлкен жетістіктерге бастайды, — деді Нұртөре Жүсіп.

Қоғам қайраткері сұхбат барысында қазақ қоғамындағы амандасу мәдениетін қатаң сынға алды.

Оның айтуынша, әйел адамды құшақтап амандасу қазақтың дәстүрінде болмаған. Сондай-ақ соңғы кезде ер адамдардың бір-бірімен сүйісіп амандасуы көбейгеніне назар аударды.

Дастарқанның үстінен асыла қол созып амандасу, отырғандардың бәрімен жағалай қол алысу дұрыс емес. Мұның бәрі гигиена мәселесі екенін айтты. Ол амандасу мәдениетін қайта қарап, қазақы әдепке сай дәстүрлі сәлемдесу үлгілерін жаңғырту қажет екенін тілге тиек етті.