Бүгін Ұлттық музейде поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толуына орай «Қазақстандағы поляктар: тарихы мен жады» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында этникалық поляктардың Қазақстанға жер аударылуы, олардың жаңа ортадағы өмірі мен тарихи тағдыры талқыланды.
Дмитрий Пантоның айтуынша, жер аударылған поляктардың басым бөлігі Тайынша теміржол станциясына жеткізіліп, кейін Солтүстік Қазақстан аумағындағы арнайы құрылған 42 қонысқа орналастырылған. Аз бөлігі Оңтүстік Қазақстанға жіберілген.
– 1936 жылы олар келгенде жағдай өте ауыр еді. Елсіз далаға тап болды. Қазақ халқының көмегінсіз аман қалу мүмкін емес еді. Жақын маңдағы қазақ ауылдары ата-бабаларымызға қол ұшын созды. Қай жерден балық аулауға болатынын, сексеуілді қалай пайдалануды, қысқа қалай қамдану керектігін үйретті. Мұндағы қыстың қандай болатынын да түсіндірді, – деді Дмитрий Панто.
Тарихшының сөзінше, жергілікті қазақтардың көмегі көптеген поляктың жаңа ортаға бейімделіп, қиын кезеңнен аман шығуына сеп болған.
– Қазақтар бізге осы жерге бейімделіп, тіршілік етуге көмектесті. Соның арқасында көптеген адам депортацияның ауыртпалығынан аман қалды. Олардың ұрпақтары әлі күнге дейін Қазақстанда тұрып жатыр. Сондықтан поляк халқы қиын сәтте қол ұшын созып, үйлері мен жүректерін ашқан қазақ халқына өте риза, – деді ол.
Дмитрий Пантоның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 30 мыңға жуық поляк тұрады. Олардың көбі Солтүстік Қазақстанда шоғырланған. Тайынша ауданында 1936 жылы негізі қаланған ауылдарда поляктардың ұрпақтары әлі де тұрады. Бір бөлігі Астана мен Алматыға қоныс аударған.
Ол депортация кезінде қанша адамның қаза болғанын нақты айту қиын екенін де атап өтті. Жер аударылғандар пойызбен екі аптадан бір айға дейін ауыр жағдайда жол жүрген. Әсіресе қарттар мен балалар арасында өлім-жітім жоғары болған.
– Өлім-жітім әсіресе депортациядан кейінгі алғашқы жылдары жоғары болды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастады, – деді тарихшы.
Дөңгелек үстел аясында жер аударылған поляктар мен олардың отбасыларының тағдырына арналған шағын көрме де ұйымдастырылды. Онда жеке құжаттар, естеліктер, жазбалар мен фотосуреттер қойылған.
Айта кетейік, бұған дейін 1936 жылы Украинадан 35 820 поляк Қазақстанға күштеп көшірілгені туралы жазған едік.