«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қ. Есекеев астаналық студенттермен кездесті

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - «Қазақтелеком» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттерімен кездесті.

Бұл туралы университеттің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қ.Есекеевпен жүздескен «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығында білім алатын студенттерді негізінен, Wi-Fi және Wi-Max технологиясының дамуы, акционерлік қоғамның шетелдік кәсіпорындармен ықпалдастығы мәселелері қызықтырды. Одан бөлек «Қазақтелеком» АҚ-да өндірістік тәжірибе неліктен ақылы түрде өткізілетіндігі төңірегінде әңгіме қозғалып, келешекте абитуриенттерге грант алу мүмкіндігімен үздік оқитын оқушылар арасында байқау өткізіп тұру ұсынысы жасалды.

Басқарма төрағасы сондай-ақ, бүгінгі еңбек нарығында инженер мамандығына сұраныстың көптігін және олар әкімшіліктік-коммутациялық құрылғылар мен телекоммуникациялық жүйелерді бағдарламалау элементтерін жетік білуі қажеттігін атап өтті.

Келешекте ҚазАТУ ректоры А. Күрішбаев пен «Қазақтелеком» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қ.Есекеев екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қою туралы келісті. Меморандум мақсаты - білім және тәжірибе алмасу, сонымен қатар ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы мамандар дайындауда сапалы білімді қамтамасыз ету. Сондай-ақ меморандум университеттің ғимараттары мен жатақханаларында интернет байланысының сапасын жақсартуды көздейді.