«Қазақтелеком» Бәсекелестікті қорғау агенттігі жүргізіп жатқан тергеуге қатысты пікір білдірді

Фото: Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жақында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын.

KASE алаңында «Қазақтелеком» АҚ қызметтерді жылжыту және тарифтер жөніндегі басқарушы директоры Руслан Берстембаев агенттік жүргізіп жатқан тергеу қалыпты процесс екенін атап өтті.

— Мен өз әріптестерімді «бағаны өсірді деп айыптау» және сол сияқты тұжырымдарды қолданбау туралы ескерткім келеді. Яғни, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл сайын салаға талдау жүргізеді, оның барысында монополиялық түрде көтерілген баға белгілерін анықтауға болады. Тергеу — бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуды растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді жинауға бағытталған шара, — деді ол.

Компания қазір үш негізгі тарифтік жоспарға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

— Бұл қалыпты процесс. Тергеу — біздің ұстанымымызды растайтынына сенімдіміз: компанияның барлық әрекеттері заңға және бәсекелестік заңнамасының қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды. Оның үстіне «Қазақтелеком» өте ашық. Бізде шығындарды бөлек есепке алу жүйесі бар, тарифтердің барлық өзгерістері нарықтық бәсекемен де, құнның объективті өсуімен де негізделеді. Сондықтан бұл тергеу біз үшін оң нәтиже беретініне сенімдіміз, — деді спикер.

Бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестік деңгейін айқындау және тауар нарығына қолжетімді ету кезіндегі кедергілерін жоюға бағытталған шараларды әзірлеу мақсатында сымды (тіркелген) интернет қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жоспарлы талдауды аяқтағанын жеткізген еді. 

Сондай-ақ KCell, Tele2, Beeline компанияларының үстінен тариф көтеру туралы «сөз байласу» күдігімен тексеру жүріп жатқаны туралы жазған едік.