«Қазақтелеком» АҚ жоспарына сай тарифті төмендетуді және 2014 жылы ғаламторға қолжетімділік қызметін техникалық жағынан жақсартуды көздеп отыр.
Атап айтқанда, «MegalineHitOptima» тарифтік жоспарын пайдаланушылардың ішкі ресурсқа қолжетімділік жылдамдығы 2 Мбит/с-тен 4 Мбит/с дейін көтеріледі. Алайда абоненттік төлем сол қалпында қалмақ. «Бұл шара Ғаламтор желісіндегі қазақстандық сегменттің дамуына бағытталған. «MegalineHitOptima» тарифтік жоспары бойынша жылдамдықтың ұлғаюы ішкі ресурстағы трафик көлемін көбейтудщі қамтамасыз етеді», - деді Байланыс және ақпарат агенттігінің байланыс саласындағы тарифтерді реттеу басқармасының жетекшісі Руслан Аймаханов. 2014 жылға арналған жоспарда күзге қарай жылдамдық пен «MegalineStart» тарифтік жоспары бойынша кіріс трафик көлемін ұлғайту қарастырылған. Бұл жағдайда да абоненттік төлем өзгеріссіз қалады. Заңды тұлғалар үшін лимитсіз тарифтік жоспарлардың жаңа параметрлері іске қосылады.
2014 жылдың төртінші тоқсанында байланыс операторлары үшін ғаламтор желісіне қолжетімділік қызметінің құнын 10%, сондай-ақ белгіленген байланыстың өзге операторларының «Қазақтелеком» АҚ желісіне қосылу қызметінің құнын 5% төмендету жоспарланған.