Қазақтелеком Kcell-ді сата ма

Фото: Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Kcell-ді сату жоспарда жоқ. Бұл туралы «Қазақтелеком» акицонерлік қоғамының инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов айтты. 

– Бұл мәселені құқықтық құжаттар тұрғысынан қарастырайық. Бізде Kcell-ді сатуға қатысты шешім немесе жоспар жоқ. Оның үстіне, біз стратегиялық тұрғыдан осы активті дамытуға және қызметтерді біріктіруге бағытталғанбыз. Бүкіл өнім желісі конвергенция принциптеріне негізделген – ұялы және тіркелген байланыстарды қамтитын отбасылық тарифтерді құру. Сонымен қатар біз Kcell-мен бірге жаңа өнімдерді жасау үстіндеміз. Сондықтан Kcell-ді сату жоспарымызда жоқ, - деп жауап берді Нұрлан Мейірманов БАҚ өкілдері қойған сауалға.

Өткен жылдың соңында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Kcell-ді жекешелендіру бағдарламасына қосуды және компанияны бәсекелес ортаға беруді ұсынды. Бұл – Tele2 мен Altel-ді сату туралы мәмілеге ұқсас шара. 

Еске салайық, 2024 жылы ұялы байланыс операторларына 1 млрд 184 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.