«Қазақтелеком» қызмет құнына монополиялық жоғары баға қойған – агенттік

Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қызметкерлері талдау жүргізу аясында «Қазақтелеком» АҚ-ның қызмет құнына монополиялық жоғары баға қою фактісін анықтады. 

— Жүргізіп жатқан жұмыс аясында байланыс қызметі нарығында бар бірқатар кедергі анықталып, оларды жою осы секторда әділ бәсекенің дамуына ықпал етті. Осылайша, жоспарлы бәсекелестік талдау барысында көпқабатты тұрғын үйлердегі интернет қызметіне өзге байланыс операторларының кіруін қиындататын кедергі анықталды. Азаматтар сапалы байланыс қызметіне қол жеткізуге құқылы, көпқабатты тұрғын үйлерде (интернет үшін) сымды байланыс желілерін бәсекелі жағдайда орналастыру ерекше маңызға ие. Алайда қолданыстағы заңнамалық шектеулер кей жағдайда тұрғын үйлерге өзге операторлардың қызмет көрсетуіне мүмкіндік бермеді, — делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, операторлардың кабельді кәріз желілеріне қосылуға техникалық шарттар туралы ақпарат алуын қиындататын кедергі де анықталған. Жергілікті монополия субъектісі кабельді-кәріздік желілерге қосылуға рұқсат алу үшін сұрау салынған жағдайда техникалық шарт ақылы негізде береді. Алайда табиғи монополиялар туралы заңнамада мұндай төлем алу қарастырылмаған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы негізінде радиожиілік спектрін (РЖС) бөлу бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін үміткерден кемінде 6 облысты қамтитын кең ауқымды телекоммуникациялық және ұялы байланыс магистралдық желісінің болуын міндеттейтін талаптар нормативтік актілерден алынып тасталды. 
«Байланыс туралы» қолданыстағы заңға виртуалды операторлардың қызметін құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының қуатты жалға алуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл байланыс нарығындағы бәсекенің дамуына серпін береді.

— Талдау аясында байланыс операторларының сымды интернет қызметінің бағасы да зерттелді. «Қазақтелеком» АҚ әрекетінен қызмет құнына монополиялық жоғары баға қою белгілері байқалды. Мәселен, 2024 жылы оператордың интернетке қол жеткізу тариф жылдамдығы 100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек. және 500 Мбит/сек. бағаның өсу қарқыны 20%-ға дейін жетті. Қазір аталған операторға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр, — дейді агенттіктен. 

Одан бөлек агенттік ұялы байланыс қызметінің баға динамикасына талдау жүргізді. Оның барысында да монополиялық жоғары баға қою белгілері анықталды. Бүгінде ұялы байланыс операторына қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі бойынша тергеп-тексеру тағайындау мәселесі қаралып жатыр.

Еске сала кетсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелеком» компаниясының қызметін бірінше рет тергеп жатқан жоқ