«Қазақтелеком» құнығып барады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 мамыр, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 

 ***

Жыл сайын Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, биыл бесінші рет өткізілгелі отырған Астана экономикалық форумына әлемнің 80-нен астам мемлекеттерінен аузы дуалы сарапшылар, белгілі саясаткерлер, экономика ғылымының көшбасшылары қатысады деп күтілуде. Әлем сарапшыларының пікірінше, V Астана экономикалық форумы бүгінгі жаһандық экономикалық дағдарыстың себеп-салдарларын айқындап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін шынайы әлемдік пікірсайыс алаңына айналған. Мамыр айында өтуі тиіс осы халықаралық ірі форум қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-тың вице-президенті Айгүл Тоқсанованы әңгімеге тартқан. Сұхбат «Жаһандық шешімдер қабылдайтын алаң» деген тақырыппен берілген.

 Жақында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Қазақстан әскері­нің қалыптасуы мен даму тарихы - бұл көптеген жанқиярлық істен құралған, орасан зор ерен еңбектің шежі­ресі екендігін бүгін біз мақтанышпен айтуға қақы­лымыз. Мереке қарсаңында Қазақстан армиясының құрылысы, жауынгерлік әзірлігі, әскери ынтымақтастығы жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің сұрақтарына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жауап берді. «Бүгінде Қазақстан ұтқыр, жаб­дықталған, дайындықтан өт­кен, байланысы мен ақпараты қамтама­сыз етілген, қару-жарақ пен әскери техникасы жетіл­дірілген, сапасы жағынан байланыс жүйесі жақсарған армияны дамытуда. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күш­терінде Құрлық әскерлері, Әуе қор­ға­нысы күштері мен Әскери-теңіз күш­тері сияқты оңтайлы үш түрлі құрылым бар. Құрлық әскерлерінің құрамына төрт өңірлік қолбасшылық, сондай-ақ Аэроұт­қыр әскерлері, Ракета әскерлері мен артиллерия кіреді», дейді Қорғаныс мининстрі «Тәуелсіздік күзетіндегі 20 жыл» тақырыбымен жарық көрген сұхбатында.

***

Жаздың шуақты күндері жақындаған сайын демалысты ойлауға тура келеді. Шетелге шығамыз ба, үйде қаламыз ба? Алакөл ме, Ыстықкөл ме? Бурабай не Қапшағай? Ең бастысы, таңдау көп. Қызметін ұсынатын туристік фирмалар да жетіліп артылады. Бірақ оларды қалай таңдаймыз? Өйткені турфирмаға қалтқысыз сенгендіктен, демалысы арпалысқа айналғандарды көргенде, қыс бойы қиялдан кетпеген теңіз, көл әдірем қалады. Сонымен қайда барып дем алған дұрыс. Бұл сауалдың жауабын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетіндегі «Дұрыс демалу да уайымға айналып барады» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.

***

«Қазақтелеком» құнығып барады». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жазылған мақалада күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулыларының «Қазақтелекомның» 1 мамырдан бастап жеке тұлғалар үшін телефон қызметінің абоненттік төлемін көтеруі жайында өз пайымдарын білдіргендігі жазылған. «Атап айтанда, уақыт бойынша ақы төлеуге ауыстырылғандар үшін де, ауыстырылмағандар үшін де, тарифтер қымбаттайды. Осыдан сұрақ туындайды: сонда уақыт бойынша төлем төлеуді неменеге енгізген? Ауылда тұратындар үшін төлем 20 пайызға көтеріліпті», - дейді депутаттар.