«Қазақтелеком» құрамынан бір ұялы байланыс операторын шығару мәселесі талқыланып жатыр

Фото: Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Бөкеева «Қазақтелеком» құрамынан бір ұялы байланыс операторын шығару мүмкіндігіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Қазір «Қазақтелеком» компаниясының құрамында екі ұялы (Kcell/Аctiv және «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)») байланыс операторы бар.

«Компания құрамынан бір операторды нарыққа шығару бойынша жұмыстар «Самұрық-Қазына» шешіміне байланысты. Осы мәселені біздің министрлік аталған қормен бірлесе пысықтап жатыр. Әзірге, қазір қай оператор сатуға қойылып, нарыққа шығатыны белгісіз», - деді Г. Бөкеева елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ведомство өкілі ұялы байланыс нарығының басым үлесі «Қазақтелеком» құрамындағы компанияларға тиесілі екенін айтты.

«Дәл қазір осы компания құрамынан ұялы байланыс операторы қашан шығатынын нақты айта алмаймыз», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл тамыз айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов «Қазақтелеком» құрамындағы қай ұялы байланыс операторы шығуы мүмкін екенін айтты.