«Қазақтелеком» АҚ Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба вакциналар мен басқа да иммунобиологиялық препараттарды сақтау және тасымалдау кезінде температураны үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе еліміздің барлық өңіріндегі 18 мыңнан астам тоңазытқыш және логистикалық жабдықты қамтиды.
Жүйенің негізгі міндеті — вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың барлық кезеңінде қажетті температураның сақталуын бақылау. Орталық қоймалар мен Бірыңғай дистрибьютордан бастап, медициналық ұйымдардың емшара кабинеттері мен аудандық вакцинация бекеттеріне дейінгі бүкіл жол қамтылады.
Тоңазытқыш камераларға, мұздатқыштар мен термоконтейнерлерге арнайы сымсыз температура хабаршылары орнатылады. Ал вакциналарды тасымалдайтын көліктердің қозғалысы GPS-трекерлер арқылы бақыланады. Барлық мәлімет бірыңғай жүйеге түседі. Егер температура белгіленген мөлшерден ( 2… 8 °C немесе терең мұздату режимі) ауытқыса, жүйе жауапты мамандарға бірден хабарлама жібереді. Бұл жағдайға дер кезінде әрекет етіп, қажетті шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, жобаның пилоттық нұсқасы 2025 жылы Қарағанды облысында сынақтан өтті. Енді жүйе келесі кезеңге өтіп, еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізіледі.
— Вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың әр кезеңінде қажетті температураны сақтау — халық денсаулығына тікелей қатысты маңызды мәселе. Цифрлық технологиялар бұл процесті ашық әрі бақылауға ыңғайлы етеді. Біз дәрі-дәрмектің қандай температурада сақталғанын, қалай тасымалданып жатқанын көре аламыз және қандай да бір ауытқу болса, ол туралы дер кезінде ақпарат аламыз. Сынақ кезеңнен кейін енді жүйені бүкіл ел бойынша кеңейтуге кірісіп жатырмыз, — деді «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Бахтияр Кожахметов.
Жобаның техникалық бөлігін «Қазақтелеком» АҚ еншілес ұйымы — «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС жүзеге асырады. Компанияның бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, цифрлық жүйе вакциналарды сақтау процесін бақылаудың жаңа тәсіліне көшуге мүмкіндік береді. Соның арқасында бүкіл процесс ашық болып, мемлекет пен препаратты қолданатын азаматтар үшін тәуекелдер азаяды.
— Бұған дейін температура көрсеткіштері қолмен қағаз журналдарға жазылып келсе, енді бұл мәліметтер автоматты түрде цифрлық жүйеге түседі. Жүйенің басты артықшылығы — адам факторын азайтып, температура туралы деректерді дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесімен байланыстыру. Нәтижесінде мемлекет препараттың бүкіл жеткізу жолын және қандай температурада сақталғанын бақылай алады. Ал азаматтар вакцинаның талапқа сай сақталғанына және қауіпсіздігіне сенімді бола алады, — деді Бикеш Құрманғалиева.
«Салқындату тізбегін мониторингтеу» жобасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында бірлесіп жүзеге асырып жатқан технологиялық бастамалардың бірі.