«Биыл 6 айдағы жұмыс қорытындысы бойынша негізгі қаржылық-экономикалық көрсеткіштер өсімі артты. Жарты жылдың қорытындысы бойынша кіріс 330 млрд теңгеден асып түсті. Аталған көрсеткіш былтырға қарағанда 10%, ал 2021 жылдың жарты жылымен салыстырғанда 17% ұлғайды. Табыстың өсуіне телекоммуникация және ұялы байланыс сегментінің өсуі арқасында қол жетті», - деді «Қазақтелеком» АҚ бас қаржы директоры Людмила Атамұратова компанияның 6 айлық жұмысын қорытындылауға арналған жиында.
Спикердің мәлімдеуінше, табыстың артуы телекоммуникация және ұялы байланысты жетілдіру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Биыл 6 айдың қорытындысы бойынша біздің компанияның таза табысы 58,5 млрд теңгеге жетті. Өткен жылға қарағанда 16% жоғары, былтырғы табыс 51 млрд теңге болған. Сонымен қатар, компанияның капиталды шығыстары (53 млрд теңгеден 255 млрд теңгеге) өсті. Бұл жаңа жобаларды іске асырумен де, қолданыстағы активтерді жаңғыртумен де байланысты», - деп түсіндірді Людмила Атамұратова.
Бұған дейін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 5G желісін орнатуда мемлекеттік бюджетке 156 млрд теңге төлегені туралы хабарлаған едік.