Оның сөзінше, жасанды интеллект негізіндегі құрал әр департаменттің жұмыс ерекшелігін меңгеріп, құжат айналымында және күнделікті міндеттерді орындауда қызметкерлерге көмектеседі.
— Бізде «AI-әріптес» деген жоба бар. Бұл әр департаментте, құжат айналымында чат-бот ретінде жұмысты меңгеріп, көмектесетін құрал болмақ, — деді спикер.
Оның айтуынша, жоба кейін тек «Қазақтелеком» аясында қалып қоймай, басқа ұйымдарға да енгізілуі мүмкін.
— Оны біртіндеп «Самұрық-Қазынаның» барлық компаниясына енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ министрліктерге де енгізуге болады, бірақ бұл бағытта ЖИ министрлігі де жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал біз әкімдіктерге де, министрліктерге де ұсынып көреміз, — деді компания басшысы.
Бағдат Мусин қазақ тіліндегі жасанды интеллект құралдарының сапасына да тоқталып өтті. Оның пікірінше, қазақстандықтар жаңа технологияларды тез игеретіндіктен, қазақ тіліндегі ЖИ құралдарын белсенді пайдалану олардың сапасының артуына ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар ол күнделікті қолдану үшін ChatGPT мүмкіндігі жеткілікті екенін, алайда технологиялық, мәдени немесе терең тілдік мазмұнды талдауда модельдің мағынадан ауытқуы мүмкін екенін еске салды. Осыған байланысты Бағдат Мусин қазақ тілін терең меңгерген тіл мамандары мен технология саласы өкілдерінің бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ тіліндегі аудионы мәтінге айналдыру дәлдігі 98%-ға жеткені жайлы жаздық.