***
Кеше Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында «Нұр Отан» ХДП-ның «Нұр Сұңқар» лауреаттары өз иелерін тапты. Шығармашылық жарыстың қорытындылары дәстүрлі түрде осымен үшінші рет журналистердің кәсіби мерекесі - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында жарияланды. Бүгінде «Нұр Сұңқар» қазақстандық журналистер арасында жақсы танылған республикалық байқаудың бірегейіне айналып үлгерді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген «Нұр Сұңқар» иелерін тапты» деген тақырыптағы материалда кеңінен баяндалған. «Биылғы байқауға республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының 200-ден астам журналистері қатысты. Жеңімпаздар «Нұр Отан» партиясының, депутаттар мен депутаттық фракциялардың қызметі жөніндегі ең үздік сараптамалық материалдар, партиялық бастамалар жөніндегі айрықша көзқарас, ең үздік бейне және фотожұмыстар бойынша анықталды. Жалпы, 18 номинация бойынша үздіктер таңдалды», - деп жазады басылым.
«Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Али Акбар Салехиді қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Али Акбар Салехи кең ауқымды мәселелерді талқылады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Сыртқы істер министрі, Иран Президенті Махмуд Ахмадинежад Нұрсұлтан Назарбаевты халықаралық аренадағы көрнекті саяси қайраткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті. Али Акбар Салехи сондай-ақ, Қазақстан Президентін Таратпау қозғалысына мүше-мемлекет басшыларының саммитіне шақырды. Мақала «Түсіністік тұғыры биік» деген тақырыппен басылған.
***
«ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 20 жоғары лауазымды басшыларының 20 пайызы жоғары аттестаттау комиссиясының сынағынан өте алған жоқ». Бұл туралы аталған мекеменің басшысы Владимир Божко мәлімдеді. «Жоғары аттестаттау комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Атап айтар болсақ, жоғары аттестаттау комиссиясына жұмыстан босатуға, лауазымын төмендетуге қатысты да ұсыныстар жасалды»,-дейді Божко. Осы жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Сынақтан өтпей қалғандар бар» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.
***
Біздің күнде көріп тұрсақ та, елегіміз келмейтін, байқап тұрсақ та, мән бергіміз келмейтін бір шындық бар. Бұл шындық - мынау: казақстандық масс-медиа идеялық тұрғыдан қазақтілді және орыстілді БАҚ болып екі топқа жіктелген. Осы қос ақпараттық лагерь өзара бәсекелес, тұғырнамасы бір-бірінен алшақ болғандықтан, кейде қайшылыққа түсіп жатады. Ақпараттық һәм идеологиялық майданның көрігін бір-біріне дес бермейтін қазақтілді және орыстілді БАҚ қыздырып тұр. Алайда осындай пайдасыз бақталастықтан сіз бен біздің шекеміз шылқығаны шамалы. Бұл - қазіргі қазақ масс-медиа алаңындағы көп сұраққа толы өзекті жайт. Бұл мақала «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Қазақтілді және орыстілді БАҚ арасында идеялық бәсеке бар ма?» атты тақырыппен жарық көрді. Ондағы ойтұжырым: «Қазіргі отандық бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық интеграцияға жеткізуде, ұлттық идеяны насихаттауда тиімді жұмыс істеп отырған жоқ. Қазақстанда дәл қазіргі кезде параллельді түрде қазақтілді және орыстілді қоғамдық-саяси дискурс қалыптасқан. Бұл Қазақстан халқының консолидациясына, идеялық бірлігіне нұқсан келтіруі ықтимал».
Осы басылымның бүгінгі санының «ой-көкпар» айдарында «Құзіреттілігін арттыру үшін журналистің қоғамдағы статусын анықтау керек пе?» атты материал басылды. Осы сауалға «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының ақпараттық дау-жанжалдарды сараптау қоғамдық орталығының жетекшісі Ғалия Әженова «Иә» деп жауап қайтарады. «Қоғамды журналист өзгертеді, журналист әшкерелеуші, ақиқатты айтушы дейміз, бірақ қазіргі жағдайда журналист жалғыз. Себебі қоғамның, биліктің, мемлекеттің мүддесін қорғайтын журналистің өзі қорғансыз. Оларды қорғап отырған билікті, я болмаса басқа бір белсендіні көріп отырған жоқпыз. Ал, шын мәнінде, оның жасап жүрген еңбегінің маңыздылығы, халыққа жеткіземін деп жүрген ақпараттық ізденісі қандай құрметке болса да лайық. Ол сол ақпаратты үлкен қиыншылықпен қолына түсіреді, оны тексереді, екшейді, таразылайды, талқыға салады, ол ақпараты содан кейін ғана үлкен қиыншылықпен халыққа жетеді»,-дейді ол.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ләззат Қиыновты қабылдады. Қазақстан Президенті әлемдік экономика едәуір күрделі және болжап болмайтын жағдайда екенін атап өтті. «Соңғы уақытта қуат тасымалдау бағасы біраз арзандады. Мысалы, соңғы айда мұнайдың бағасы барреліне 107 доллардан 90 АҚШ долларына дейін төмендеді. «ҚазМұнайГаз» Қазақстанның негізгі мұнай өндіруші компаниясы болып табылады. Әлемдік рыноктағы қолайсыз үрдісті ескере отырып, ұлттық мұнай-газ холдингінің талдамалық және болжам жасау қызметін күшейту қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Л.Қиынов Қазақстан Президентіне компания қызметіндегі перспективалық бағыттар туралы баяндады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» басшысы 1 шілдеден бастап, холдингтің құрылымдық бөлімшелері - Өзенмұнайгаз бен Ембімұнайгаз дербес заңды тұлға ретінде жұмысын бастайтынын мәлімдеді.