Рәсімге Қазақстан елшілігінің атташесі Дінмұхаммед Өмірәлі, Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу, профессор-фольклортанушы Өзкул Чобаноғлу, ғалымдар мен студенттер және Анкарадағы қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабы - отбасылық ғұрыптардың тарихы, терминологиялық жүйесі, поэтикалық құрылымы этнографиялық байланыстар типологиясы деңгейінде қарастырылған 6 бөлімнен тұратын құнды дүние. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі нұсқалардан бастау алатын қазақтың отбасы фольклоры түрік тілді аудиторияға жол тартты. Кітапты қазақшадан түрікшеге аударған - доктор Халил Четин.
«Бұл еңбек тек қазақ отбасы фольклоры емес, түркі халықтарының да фольклор кітабы. Мұндай құнды шығармалар екі ел арасындағы мәдени байланысты дамытады», - дейді Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу.
«Рәсімде Президенттік Ұлт кітапханасына М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты атынан 500-ден астам кітап тарту етілді. Институт директоры Матыжанов Президенттік Ұлт кітапханасына «Қазақ фольклорының 100 томдығын» да сыйға тартқандарын атап өтіп, «Біз бүгін Президенттік кітапханаға қазақ фольклорының 100 томдығын алып келдік. Мұндай 100 томдық фольклор шығарған әлемдегі бірінші ел – Қазақстан. Дайындап, жариялаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты. Бұл 100 томдық еңбек - аталарымыздың мирасы» деді», деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.
Айта кетейік, 2020 жылы ашылған Түркияның ең үлкен кітапханаларының бірі Ұлт кітапханасында «Қазақстан» бөлімі бар.