***
Астананың өзінде күн жылы. Ал үйлер мен кабинеттер қайнап тұр. Үйдегі ыстық батареялар бейнебір дала температурасымен жарысқа түскен бе дерсіз. Ауа температурасы 20 25 градусты көрсетіп тұрса да, жылу беру орталықтарынан тараған энергия қақаған аяздардағыдан бір кем емес. Бұл қалай сонда? Күн жылыда босқа шашылған жылу, бей-берекет жұмсалған шығын ба?! Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Жылы күндері жандыра бермесек қайтеді?..» деген тақырыппен жарық көрді. «Ыстық күндердегі ыстық батареялардан Астана жұртшылығы әзір құтылмайтын сыңайлы. Бұл жөнінде кеше естідік. Жылда дәстүрлі түрде жылу маусымы елордада сәуірдің ортасында тоқтатылатын. Алайда биылғы жылы алдағы болатын салқындықтарға байланысты Астанада жылу беру айдың үшінші онкүндігінде ажыратылмақ. Себеп - сәуірдің соңында болуы мүмкін суықтардан сақтану», - деп жазады басылым.
«Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақмыс тобы отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған «Қазақстандық өнім жасаймыз!» атты 4-ші форумды өткізді. Дәстүрлі шараға мемлекеттік салалық ведомстволар мен даму институттарының өкілдері, ірі индустриялық компаниялардың басшылары, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген кәсіпкерлер қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Отандық үлес артып келеді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, форумда мемлекеттік салалық ведомстволар мен даму институттарының өкілдері отандық үлесті дамытудағы тәжірибелер мен бағдарламалар туралы әңгіме қозғады. Ал Қазақмыс тобының жетекшілері компанияның қызметі мен сатып алу саясатын жүргізіп отырған аймақтардағы шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде және жаңа кәсіпорындарды ашу туралы мәлімдеме жасады.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековпен арадағы сұхбат «Ресей - ғарыш саласындағы басты әріптесіміз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген шенеунік: «Рас, Ресейге Ақтөбе және Қостанай облыстары аумақтарынан жер телімін беруді қарастыратын үкіметаралық келісім жобасы әзірленіп жатыр. Аталған аймақтар «Байқоңыр» кешенін жалға беру келісімшартында көзделмеген жаңа құлау аудандары болып табылады. Бірақ та осы жаңа аудандарға «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқан экологиялық зиянды «Протон» зымыран тасығышынан бөлінетін бөлшектері емес, «Союз» зымыран тасығышының бөлшектері түседі. «Союз» зымыран тасығышы табиғи тұрғыдан таза жанармайды, атап айтанда, оттегі мен керосинді пйдаланатыны белгілі», - дейді.
Осы басылымда «Қазақты каннибализмге үгіттеп жүрген жоқпыз ба?» деген тақырыппен мақала басылып отыр. Жарияланым авторының жазуынша, жақында бір ақпарат агентті «молшылық деңгейінің Бесбармақ индексі» деген болжам жариялаған. «Қазақстандықтардың молшылық деңгейінің балама көрсеткіші іспеттес бесбармақ (қазақша ет) индексі бойынша ең алда Атырау облысы, соңғы орында Талдықорған облысы келеді», делінген онда. Осыған қарап отырсаңыз, адамның бес бармағын жеуден аталған облыс алда келе жатқан сияқты көрінеді. «Редакцияға телефон шалған бір кісі немересінің дәл осы сұрақты өзіне жиі қоятындығын айтып, «қазақты каннибализмге үгіттеп жүрген жоқпыз ба?» деген сауал қойды. Құдай сақтасын, бірақ қазіргі тірлігіміз - «Бешбармақ» сөзін жиі қолдану қорқынышты ұғымға айнала бастады», - дейді мақала авторы.
***
«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесу өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективалары, атап айтқанда, Қазақстан-Қырғызстан бірлескен инвестициялық қоры қызметінің нақты бағыттары қаралды. Сонымен қатар, тараптар өңірдегі жағдайды, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістер барысын, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Бішкекте өтетін алдағы саммиті мәселелерін талқылады.