Қазақтың «1000 күйі» мен «1000 әні» жарыққа шығады - Мұхтар Құл-Мұхаммед

None
АСТАНА. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Жаңа жыл қарсаңында менің Қазақстандағы бүкіл өнер жанашырларынан сүйінші сұрауға болатын бір жақсы жаңалығым бар. Бірінші рет қазақ халқының арғы-бергі тарихында, кешегі Кеңес Одағының, бүгінгі тәуелсіздік жылдарының тарихында тұңғыш рет қазақтың 1000 күйі шығады. Бұл жаңалықты кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза жария етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы қазақтың 1000 күйінің ішінде Дина Нұрпейісованың өзі орындаған күйлері бар. Оның ішінде Жаппас Қаламбаевтың өзі қобызбен орындаған күйлер де бар. Сонымен қатар Болат Сарыбаевтың сыбызғымен орындаған күйлер де енген. Қазақтың 1000 күйі 50 дискіге топтастырылып, арнайы жарық көрді.

Енді бір айдан кейін қазақтың 1000 әні шығады. Мысалы, Затаевичтің шығарған «Қазақтың 1000 әні» жинағында 46 әннің ғана мәтіні бар. Ал 1000 әннің барлығына дерлік осы орындаушысымен дискіге түсуі бұл қазақ тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылып отырған жоба. Соның бір дискісі жарық көрді. Біз осы аптаның аяғында ресми тұсаукесерін өткіземіз. Қалғаны келесі жылы жүзеге асырылатын болады. Сондықтан осындай іргелі жұмыстар атқарылып жатыр»,- деді министр.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза бұл жаңалықты Мәжіліс депутаты Айткүл Самақованың сұрағына жауап берген кезде айтты. Сонымен қатар министр халқымыздың бұлбұл әншілері Жүсіпбек Елебековтің, Ғарифолла Құрманғалиевтің өз дауыстарымен жазылған әндері, сондай-ақ 1930-40-шы жылдардағы Жамал Омарованың, 1950 жылдардағы бүгінде музыка танушылар болмаса, басқа жұрт ұмыта бастаған өнер тарландарының көптеген шығармалары орталық кино-фото құжаттарынан алынып, осы заманғы цифр тіліне көшіріліп, арнайы аудио дискілер күйінде жарық көре бастағанын жеткізді.