Қазақтың 21 ханы мен игі жақсылары жерленген Түркістанда арнайы музей ашу керек - Қ.Айтаханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханов Түркістан қаласында Қазақ хандығының музейін ашу туралы ұсыныс жасады.

Сенатор ағымдағы жылдың ерекшелігіне тоқтала келе, тұңғыш рет елімізде кең көлемде Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатынын атап өтті. Ал ондағы жоспар бойынша басты іс-шаралар Қазақ хандығы құрылған өңір ретінде Жамбыл облысында ұйымдастырылмақ.

«Бұл ретте ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған және хандарымыз бен батырларымыздың, билер мен шешендеріміздің мәңгілік мекені қасиетті Түркістан қаласына артылар жауапкершілік аз емес. Қазақ тарихында небір ірі маңызды оқиғалар осы Түркістан қаласында орын алған болатын», - деді сенатор. Осыған орай, депутат Қуаныш Айтаханұлы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлау аясында Түркістан қаласында республикалық халықаралық дәрежеде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуы тиістігін атап өтті.

«Бұл ретте Қазақ хандығы дегенде Түркістан атауы еріксіз еске оралады. Өйткені, мұнда қазақтың 21 ханы мен өзге де игі жақсылары жерленген. Осыған орай, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Түркістан қаласында арнайы музей ашу тарихымызға үлкен құрмет болар еді», - дейді сенатор.

Бұдан бөлек, депутат қазіргі таңда Түркістанда қалалық қазынашылық бөлімі орналасқан Әзірет Сұлтан кесенесі маңында 1903 жылы салынған патшалық әскери гарнизон штабы ретінде қызмет жасаған тарихи ғимарат бар екенін, осыны Қазақ хандығының музейі етіп ашуға толық болатынын алға тартады.