«Қазақтың асығы түгел болмай, басқаның дүниесі түгенделмейді» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Татулық пен тұрақтылықты, ел азаматтарын қазақ ұлтының маңайына топтастыруды өзек ететін 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті ақын, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айт­ұлы­нан ел тұрғындарының бірлігі мен тұтастығына қатысты сұхбат жариялады. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Бізде, шын мәнінде, бас­бұзарлық, тентектік жасап, бүй­ректен сирақ шығаратын топтар жоқ. Бар болса, сырттан келіп жат­қан ағымдар, оның ішінде діни ағымдар деп ойлаймын. Ал Қа­зақстанның өзінде тұратын түпкілікті халық мұндай сыңар­жақтық пен сыңарезулікке бара қояды деп ойламаймын. Бұл, әрине, бірлік қуатының арқасы», - дейді. Сұхбат «Қазақтың асығы түгел болмай, басқаның дүниесі түгенделмейді» деген тақырыппен берілген.

«Кеше Астанада қазақстандық тараптың төрағалығымен Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіп­сіздік кеңесі хатшыларының алтыншы кездесуі болып өтті. Атал­ған басқосуда Ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, отырыста Ұйымның 10 жыл­дығына арналған ШЫҰ-ға мүше елдер Кеңесі басшыларының оты­рысына әзірлену, қауіпсіздік сала­сындағы түйткілдер, соның ішінде есірткі мен қарудың заң­сыз ай­налымына тосқауыл қою, лаңкестік, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресте бірлесе әрекет ету жайы кеңінен сөз болды.

***
Қазақстанның жойқын қаруы бар деп санайды Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Оның пікірінше, бұл - татулық. Басылымдағы сұхбатта Е.Тоғжанов мемлекетте қоғамдық келісімді сақтаудың басты жолдарын сараптап, өз ұйымына қатысты пікірлерге ашық жауап берген. «Этносаралық, конфессияаралық қарым қатынасты жан-жақты зерттеп, осы мәселемен айналысатын барлық институттардың жұмысын үйлестіріп, олардың басын біріктіретің орталықтың болуы керек. Екіншіден жергілікті жерлерде мемлекеттік қызметкерлер арасында да түрлі көзқарас, пікірлер бар. Сондықтан осы орталықта мемлекеттік қызметтегі мамандар қайта оқытылып, біліктіліктері арттырылады», - дейді ол.

Кеше Словакияның Братислава мен Кошице қаласында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Бұл жарысқа әлемнің ең үздік 16 командасы қатысуда. Олар - Австрия, АҚШ, Беларусь, Германия, Дания, Канада, Латвия, Норвегия, Ресей, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария және Швеция құрамалары. Өкінішке қарай, мықтылар қатарында жерлестеріміз жоқ. Өйткені өткен жылы олар іріктеу сынында сүрініп, алпауыттармен иық тіресу мүмкіндігінен айырылған болатын. Есесіне биыл «В» дивизионында сәтті өнер көрсетіп, элиталық топқа қайта қосылды. Яғни 2012 жылы Финляндия мен Швецияда жалауы желбірейтін әлем чемпионатында Қазақстан хоккейшілерінің ойынын тамашалайтын боламыз. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Сайыпқырандар Словакияда бас қосты» деген мақалада кеңінен баяндалған.

***
«Кеше Астанада Қазақстан ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің мүшесі - Қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжумен кездесуі болып өтті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Кездесуге қатысушылар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің маңызды проблемалары бойынша пікір алмасты. Келіссөздер барысында делегация басшылары екі жақты ынтымақтастықты дамытудың бірқатар нақты мәселелерін талқылады. Атап айтсақ, мемлекеттік шекараны күзету, терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет ету, есірткінің заңыз халықаралық айналымы және заңсыз миграция саласындағы өзара ынтымақтастықтың өзекті сипаттары қозғалды.