Қазақтың атақты желаяғы Бейжіңге велосипедпен аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дулат Иманқажы Бейжіңге велосипедпен бармақ. Танымал марафоншы ол арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстарды кеңінен насиxаттамақшы, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 
Оның осы жолғы сапарына Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті демеушілік жасап отыр. Сол себепті марафоншы бүгін университет алаңынан жолға шықты. «Менің мақсатым - Қазақ елін әлемдік қоғамдастыққа таныту, Қазақстан-Қытай арасындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру және «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмені насихаттау. Сол арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұяласа екен деймін", - деді Д. Иманқажы.

Жолдың қашықтығы - 6200 шақырым. Марафоншы Қазақстанда Астана-Новомарковка-Ерейментау-Шідерті-Төртқұдық-Ақсу-Қызылқоғам-Канонерка-Семей-Шар-Қалбатау-Көкпекті-Ақмектеп-Зайсан-Майқапшағай бағытымен жүрсе, Қытай Халық Республикасында Зимунай-Үрімші-Шаньси арқылы Бейжіңге барады.