-Қазақта «Ілгері басқанның иті оттайды» деген мақал бар. Қазақтың тазысы мен төбетінің құрып кетпеуі үшін, айырықша мән беріп, осылай үлкен мереке өткізіп, байқау ұйымдастырып жатуы біздің елдігіміздің тағы бір нышаны ғой деп ойлаймын. Өйткені тарихтан тамыр тартқан, бауыры бүтін ел болғаннан кейін, кешегі бабаларымыздан қалған айшықты дәстүрлеріміз бар. Солардың қатарында халқымыз жеті қазынаның бірі деп қастерлейтін иттің алатын орны ерекше. Қазақтың төбеті төбеде жатқан, тазысы төсекте жатқан. Қазақтың батыры жаудың өтінде жүріп, қасықтап қан төгіп елін қорғаса, қазақтың төбеттері малын қорғаған. Сондықтан, хайуан болса да біздің қазақ итке құрметпен қараған. Бұл иттердің басқа тұқымдастарына ұқсамайтын артықшылықтары көп. Қазақы өмірде тазыларымыз саятшылықтың, сал серіліктің символы болған. Бүгінгі күні біз бір кездері жоғалған, әлсіреген ұлттық құндылықтарымызды қайтадан қалыптастырып, дамытуға күш салып жатырмыз. Міне, соның бір айғағы бүгінгі өткен іс-шара деп айтуымызға болады. Бұл жолда әлі де көп талпыныс керек», - дейді ақын Несіпбек Айтұлы.
Бақытжол Кәкеш.