«Қазақтың Бауыржаны» фильмін түсіруім тағдырымда үлкен бетбұрыс тудырды - режиссер Қалила Омаров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз сөз қозғағалы отырған өнер иесінің отыз жылдан астам уақыттан бері тынбай тер төгіп түсіріп келе жатқан туындыларының қазақ киносы, оның ішінде деректі киносы саласында алар орны айрықша. Оның Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Бауыржан Момышұлының өмір жолын бейнелеген «Алаш туралы сөз», «Алашордашылар», «Міржақыптың оралуы», «Мағжан», «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмдері қазақтың деректі кино өнеріндегі тұңғыш дүниелер болды. Ал 1990 жылы әлемге әйгілі спортшы, Қазақстан Таэквондо федерациясының (WTF) негізін қалаушы, біртуар перзентіміз Мұстафа Өзтүрік алғаш рет қазақ жеріне келген кезде оның қасында жүріп, «Барып қайт, балам, ауылға» деректі фильмін түсірді. Қазақтың басынан кешкен ашаршылық туралы «Нәубет» фильмінің зар заманның көріністерін шынайы бейнелеген картина ретінде ойып тұрып алатын өз орны бар. Батыс өңіріміздегі қазақ мұнайшылары туралы түсірген деректі фильмдері өз алдына бөлек әңгіме. Көрерменге кейінгі жылдары жол тартқан «Темірбек Жүргенов», театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы «Сын сардары» атты деректі фильмі де осы Қалила Омаровтың қолынан шыққан кесек дүниелер.

Сонымен, қазақтың өткен-кеткен тарихын тереңінен зерделеп, деректі фильм жанрының жалауын ұстап жүрген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2009). ІІ дәрежелі «Қайсар» орденінің және «Бауыржан Момышұлы» құрмет белгісінің иегері, белгілі кинорежиссер-документалист, оператор Қалила Омаровпен сұхбаттасуды ойлағанда, ел тарихына, танымал тұлғаларға қатысты елуге жуық фильмнің авторын, жан-жақты талант иесін әрқайсысы бір-бір сұхбатқа жүк боларлық қай туындысы туралы әңгімеге тартсақ деп көп толғандық. Ойлана келе, бүгінгі таңда қолға алып жатқан жобалары, болашаққа жоспарлары туралы білмекке бел будық.

- Қалила Нематуллаұлы, деректі кино саласын таңдауыңызға не себеп болды? Өзіңіз көркем фильмдер түсіруге бет бұруға қалай қарайсыз?

- Жалпы, деректі киноға келуіме бала кезімнен кітаптарды көп оқуымның пайдасы тиді деп есептеймін. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туып-өстім, мектепте оқып жүрген кезімде қазақ, орыс, әлем классикасынан өте көп кітаптар оқыдым. 9 сынып оқып жүргенімде аудандық "Коммунизм жолы" газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. Шағын-шағын суреттемелер мен очерктер жазатынмын. Сондықтан журналист не жазушы болатын шығармын деп ойлаушы едім. Бірақ Ленинградқа оқуға түсуге барғанымда Ленинград облыстық мәдени ағарту училищесінің кино-фото бөліміне оқуға түстім, солай деректі кино саласына келдім. Әрине, жас кезімде көркем кино түсіргім келді. Өзімше сценарий де жазып жүрген болатынмын. Ең қызығы, түсімде ылғи көркем кино көретінмін. Бірақ деректі киноның тақырыбы қазақтың ұлттық мүддесіне арналған соң шамам келгенше өмірімді соған арнап отырмын. Көркем кино түсіру, әрине, арман ғой.

- Әр деректі фильмді түсіру үлкен ізденісті, ерен еңбекті талап етеді. Сіздің кей фильмдеріңізді жылдар бойғы шығармашылық ізденіс пен үлкен әзірліктен соң ғана түсіргеніңізден хабардармыз. Түсірілу барысы ең ауыр, ең қиын болған, жан дүниеңізде, өмірлік көзқарастарыңызда ерек өзгерістер, тың серпілістер тудырған туындыларыңыз ретінде қайсыларын атар едіңіз?

- Ұлы тұлғалар туралы кино түсірген кезде олардың көзі тірі кезінде оларға жасалған қиянат болатын болса, өмірден өткен соң олардың шындығын айту - режиссердің суреткерлік талантына, азаматтық позициясына өте үлкен сын. Міне, бұл тұрғыдан қарағанда, кез келген туындымның астарында тарихи шындық жатыр, дегенмен Бауыржан Момышұлы туралы фильмім маған өте үлкен әсер етті, тағдырымда үлкен бетбұрыс тудырды. "Алашорда" фильмі де сондай. Бұл фильмдердің ауыртпалығы - олардың тақырыбына орай қазақ қоғамында болып жатқан құбылыстарға өзіндік көзқарас ретінде аршылмаған ақтаңдақтарды аршуыма тура келді. Бізде мынадай қалыптасқан жаман әдет бар - қазақтың ұлттық мүддесіне қатысты мәселені Ресей империясына, Ресей патшалығының отарлық саясатына, Мәскеудің саясатына жауып, көптеген нәрсені солай қарай сілтей саламыз. Бұл үйреншікті жағдай сияқты қабылданады. Ал енді қазақтың басында болып жатқан көптеген оқиғалардың шиеленісінің түп-тамырында жатқан негізгі себептері тек қана Мәскеу жақтан келіп жатқан жоқ, ол қазақтың өзінен, біздің ұлттық менталитетімізден де туындап жатқанын ескермейміз. Міне, осы жерге келген кезде көптеген фильмнің ойдағыдай шығуына кедергілер пайда болады. Яғни ол қазақтың ұлттық санасының, қазақтың рулық санасының арасындағы қарама-қайшылықтан келіп туындайды. Кез келген фильмнің кейіпкерінің тағдырын ашқан кезде оның қазақ ұлты үшін жасаған ерліктері болмаса өмірінің бір сабақтары бар ғой, міне, сол тұста қиналасың. Өйткені, қазір мәселен, Қазақ хандығына 550 жыл деп жатсақ, біздің санамызда рулық сана мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан. Мыңдаған жылдардың арғы жағында жатыр ол. Қаңлы мемлекетіне қазір үш жарым, төрт мың жыл болды деп жатыр қазір. Найман мемлекеті дейміз, қыпшақтар мемлекеті дейміз. Бұлар әншейін рулардың жиынтығы емес қой, олар өз алдына кәдімгідей мемлекет болған. Сол мемлекеттің негізін құраған ұлттардан ру, рудан қазіргі қазақ ұлтына келіп отырмыз. Міне, осы трансформация кезінде қаншама құндылықтар біресе жойылып, біресе қайтадан жаңа бір түрге еніп отырады. Осы тұрғыдан қарағанда, бізде әлі зерттеулер жоқ. Мен осыған таң қаламын. Таразының бір басына қазақтың ұлттық мүддесін, бір жағына рулық сананы қоямын, осы екеуін қойған кезде өкінішке орай, рулық сана көбіне жеңіп кетіп жатады.

- Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақтың деректі фильмінің бет-бағдары қандай? Осы саланы ілгерілету үшін бізге не жетіспейді?

- Еліміздің мемлекеттік идеологиясын айқындайтын "Мәдени мұра" жобасы бойынша іске асырылған үлкен жоба бар. Оның негізінде көптеген шаралар жасалып, қазақтың ұлттық мүддесіне байланысты ашылмай жатқан қаншама ақтаңдақтар ашылып, халыққа ұсынылды. Дегенмен, бұл бүкіл қазақ қоғамында болып жатқан құбылыстарды толыққанды ашты деп есептемеймін. Өйткені, салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Кеңес Одағы кезінде мен жұмыс істеген "Қазақтелефильм" студиясы өзінің шығармашылығы жағынан бүкіл одақ бойынша он бес республиканың арасында Мәскеу, Киевтен кейін үшінші орын алатын. Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" студиясын айтпағанның өзінде, "Қазақтелефильм" студиясының өзі қоғамымызда болып жатқан сан салалы құбылыстар туралы алдын ала жоспарлы түрде тақырыптарды енгізіп, соны бізге алдын ала бекітіп қоятын. Мысалы, қазіргі қоғамдағы көзге көрініп тұрған мәселелерді айтайықшы. Жастар арасында өзіне-өзі қол салу жиі байқалуда. Осындай сияқты бүкілхалықтық, бүкіләлемдік проблемаға ұштасып жатқан күрделі мәселелер телевидениеде, газеттерде, журналдарда айтылуы мүмкін, бірақ деректі киноның мамандары, кәсіби режиссерлердің осы тақырыптармен айналысып жатқанын көріп жатқан жоқпын. Өйткені, кез келген хабар бір аптаның ішінде түсіріліп, эфирге шығады. Ал суицид сияқты осындай кәдімгі үлкен психологиялық, өте көп астарлы және арнайы зерттеулерді қажет ететін тақырыпты ашу үшін деректі кинода мысалы, 3 ай, 6 айға дейін уақыт қажет, мен кейбір киноларымды түсіру үшін 1-2 жылға дейін уақыт бөліп жұмыс істеймін ғой, міне, сол тұрғыдан айтып отырмын. Яғни, медицинаны, психологияны түсінетін режиссер және өзіне керекті мамандарды, кеңесшілерді ала отырып, осы тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеуі керек, содан кейін барып оны көрермендерге ұсынады.

Телеарналардың жұмысына көп баға бере алмаймын. Бірақ телеарналарда түсіріліп жатқан деректі фильмдер өте тығыз уақыт мерзімінде түсіріледі және олар көптеген қаржы қысымында болғандықтан, көп жерлерге бара алмайды. Сондықтан фильмдері формасы жағынан қазіргі заманға лайықты болуы мүмкін, бірақ ішкі тақырыпты ашып көрсету, оның әр түрлі уақыттардағы даму процесі жағынан көрсетуде олар ұтылып отыр.

Қазір әркім өзі үшін өмір сүріп жатқан заман. Сондықтан қазақ қоғамы осы әлемдік үлкен толқында жағаға шығып қалмауы үшін көп нәрсе білу керек, көп нәрсені үйрену керек.

- "Әке көрген оқ жонар", демекші, балаларыңыз Қуаныш пен Мұхтар да жолыңызды қуып, осы салаға азды-кемді үлестерін қосып жүр. Тіпті, сіздің өмір жолыңыз, кино өнеріне деген құштарлығыңыз туралы фильм де түсірді. Аталмыш бағытқа бет бұрған жастардың бойында ең алдымен тұлға ретінде қандай қасиеттер болуы тиіс?

- Үлкен ұлым Қуаныш мен туралы "Форточкадан қонған бақ" деген фильм түсірді. Болат Мүрсәлім ағасы оған үлкен көмек берді. Алғашқы туындысы болған соң мен онша араласқан жоқпын. Қолынан не келетінін көрейін дедім. Одан кейін ол атасы - менің әкем Нематулла туралы кино жасады. Былайғы ел оны ауылдағы қарапайым адам ретінде қабылдайтын. Мұнда Қалила сияқты режиссердің дүниеге келуінде әкесінің қандай үлесі бары екені ашылғандай болды, яғни қарапайым адамның бойындағы ұлылық қасиеттерді Қуаныш аша білді. Қазір Қуаныш Кенесары туралы фильм түсірмекке материалдар жинап жатыр. Мен де жүрген жерімнің бәрінде жинап түсіріп беріп жүрмін. Өзі де бірге барып түсіреді, Мәскеуде, Орынборда архивтен жинап жатырмыз. Қазақтың зиялы қауым өкілдерінің Кенесарыға байланысты әр түрлі кереғар көзқарастағы пікірлерін біліп жүрміз. Бұл Қуаныштың емін-еркін, өз көзқарасымен жасап жатқан туындысы. "Қазақта қазір қай тақырып ашылмай жатыр?" деп сұраған кезінде мен екі тақырыпты айтып едім, соның бірі Кенесары туралы еді, соны қолға алды. Бағдарламашы балам Мұхтар екеуінің де бір кемшіліктері - форма жағына көбірек ден қояды да, мағынасына мән бермейді. Тағы бір кемшіліктері - қазіргі жастар көркем әдебиетті оқымайды, бұл олардың ең үлкен кемшіліктері, себебі көркем әдебиет арқылы ғана сен өз ұлтыңның ішкі жан-дүниесін түсінесің және соған жаның ашитын болады. Былай қарасам, Қуаныш тарихи кезеңдердің арасындағы, астарындағы оқиғалардың мән-мағынасын ажырататын халге жеткен екен. Ұлтқа деген жанашырлығы бар, қызығушылығы бар және қазақтың жоғын жоқтауға деген ниеті бар. Негізі, әрі қарай өзінің білімін ұштастыратын болса, практика және теория жағынан білімін жетілдіретін болса, одан жап-жақсы режиссер шығады деп ойлаймын.

- Дәл қазір Қызылорда өңірінде «Туған жерге тағзым» фильмін түсіріп жатырсыз. Бұл туындының өзегі неде? Көрерменге қашан жол тартпақ?

- Қазір 58 жастамын, соның 35 жылдық шығармашылық ғұмырымда туған жерім Жаңақорғанда қанша әкімдер ауысты. Менің шамам келгенше солардың бәріне айтатыным - "Жаңақорғанның керемет тарихы бар, соны елге таныстыруымыз керек". Қаншама мықты тұлғаларымыз өмірден өтіп жатыр. 2015 жылы наурызда Жаңақорғанға жаңадан әкім болып келген Рүстем Русланұлы арнайы мені елге шақырып, танысты, сөйтсем, ол мен туралы кеңінен мағлұмат алған болып шықты, менің туындыларымды көріп, мен туралы көркем әдебиетті де оқыған екен. Содан бірден тіл табысып кеттік. Сөйтіп екеуміздің идеямыз - Жаңақорғанның тарихи және діни-рухни ескерткіштері туралы деректі фильмді түсіруді бастадық, форма ретінде киноэкспедиция формасын қабылдадық, осылайша "Туған жерге тағзым - Жаңақорған 2015" киноэкспедициясы пайда болды. Жаңақорған негізінен қазақ жеріне, қазақ еліне ислам дінін алып келген ұлы тұлғалар жатқан әулиелі жер, дін тарихына байланысты жер болғандықтан, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетайды Астанадан арнайы шақыртып, осы жобаға кеңесші етіп алдым. Жобаның негізгі материалын дайындап, сценарийін жазған - жергілікті өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Адырбек Сопыбеков ағамыз. Ол кісі осы Жаңақорғанның алғашқы толқын ғалымдары, жазушыларының барлығы мен бүгінгі жастар арасындағы "алтын көпір" сияқты азамат қой. Сондықтан Жаңақорған өңіріне қатысты өз ойларын қағаз бетіне түсірген болатын. Міне, осылай экспедиция негізгі материалды түсіріп келді. Енді монтажға кірісеміз. Бұл фильм күзде көпшілік алдына шығарылады.

- "Талантты адам бар жағынан талантты" демекші, Сіз тек режиссер ғана емес, Саят Нұрғазинның орындауындағы «Жаңақорған» әнінің авторысыз. Ол туралы «Жас үлкейген сайын балалық шағыңды аңсап, туған жерге деген сағыныш ұлғая түседі. Оңашада өткенді бір шолып, сағыныштан туындаған өлең - осы «Жаңақорған», - депсіз. Көпшілікке аса таныта қоймаған тағы қандай өнеріңіз, қандай қырыңыз бар?

- "Жәннатым - Жаңақорғаным" деп аталатын әнді емханада ауырып жатқан кезімде туған жерімді сағынып отырып жазған едім. Одан басқа, "Хроники скитальца из Жанакоргана" деген биографиялық романымды жазып бітіргенмін, бірақ әлі толықтырылып жатыр, жақында жарық көруі мүмкін. Онда мен осы өзімнің бүкіл шығармашылық ғұмырыма талдау жасаймын. Адам болып дүниеге келген соң ол өзінің генетикасын, тегін ойлайды. Қайдан келдім, қалай өмір сүрдім, бабаларым кімдер еді, болашағым не болады деген ойлар мазалайды. Міне, осы жерде кинорежиссер, документалист Қалила Омаровтың шығармашылығы ғана емес, оның арғы тегі қандай, қайдан келді, қалай өмір сүрді деген сияқты сұрақтарға жауап беріледі бұл романда. Оның әдеби нұсқасын баспаға әзірлеген қазақтың атақты сыншысы Төлеген Тоқбергеновтің ұлы Роман Тоқбергенов.

Атеистік кеңес жүйесі құлаған соң қазақ даласында, қазақ мемлекетінде үлкен вакуум пайда болды, бұл - діни вакуум. Міне, осыны пайдаланып, бізге жан-жақтан ағылған секталарды көріп жатырмыз. Ал ол діни ағымдарға балаларымызды емін-еркін беріп қоятын болсақ, оның арты не болатыны жан-жақтағы көршілерімізден-ақ көрініп тұрған жоқ па? Ал дін арқылы небір мемлекеттердің іргетасы шайқалып жатқан заманда бұл тақырыпқа да өз үлесімді қосқым келіп, үш жүзге пір болған өзімнің алтыншы атам Айғыжайшан туралы "Пірім - Айғыжайшан" деген драмалық пьеса жазып шықтым. Бұл пъесаны сахнаға шығару үшін қаражат көзін іздеп жатырмын. Айғыжайшан бабам туралы деректі фильм де түсіргім келеді, оған да қаражат жағы қолбайлау. Айғыжайшанның тарихын, тағдырын, оның өмір сүрген заманын ашу үшін тек қана Қазақстанда ғана емес, ол оқыған Өзбекстанның Ташкент, Бұқара шахарларына барып, архив көздерін ашу керек. Міне, осындай ислам дінінің тарихына байланысты көптеген жаңа қырлар ашатын бұл киноның тек қана менің туысқандарым үшін ғана емес, қазақ қоғамы үшін керек кино болғандықтан, оны қалай болса солай жасай салуға болмайды. Бұған да бала-шағамның аузынан жырып, шамам келгенше бейнематериалдар жинап жүрмін.

Сонымен қатар көркем әдебиеттің кейіпкеріне айналған жайым да бар. 2012 жылы белгілі сатирик жазушы Доқтырхан Тұрлыбектің "Қалила қожаның хикаялары" деген әзіл әңгімелер жинағы жарыққа шықты. Онда 64 хикая бар, соның бәрі менің өмірімде болған оқиғалар, көптеген материалдарын өз қолыммен жазып дайындап бергенмін. Ал енді көркемдік жағын әсерлеп қағазға түсірген Доқтырхан аға. Нұрлан Хами деген драматург жазушы азамат менің осы деректі кино жолындағы тағдырымды көріп, ішкі жан дүниммен сырласқан соң "Әулие мен әпенді" деген пьеса жазып шықты.

Басқа қызығатын нәрсем де жоқ, бар тапқанымды киноға жаратқым келеді. Құдайға шүкір, екі ұлымды үйлендіріп, бір қызымды ұзатты. Кенже қызым Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқиды. Солардан көрген қызықтарым - балдай тәтті немерелерімді көрген сәтімде-ақ шаршағаным су сепкендей басылады.

- Жүзеге асыруды ойластырып жүрген идеяларыңыз, жаңа жобаларыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында былтыр белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы кино өткізген болатынмын. Өкінішке орай, басты кейіпкерінің көз тірісінде түсіріліп, монтаждалып біткенімен, ол кісінің көзі тірісі кезінде бұл киноның тұсаукесері болмады. Бірақ ол өзі киноны көріп, бір-екі ескертулерін білдірді. Жалпы, фильмге өзі риза болды.

Майлықожа ақын туралы деректі фильм түсіре бастаған болатынмын. Бұл фильмнің тақырыбы ашылмаған, ол ислам дінінің философиясының тарихына, эстетикалық құндылықтарына келіп тірелді. Яғни Майлықожа ақын осы уақытқа дейін ашылмай келуінің себептерін онымен айналыса бастаған кезде ғана барып білдім. Бұл қазіргі кезде өте ауыр тақырып. Мұнда дін тақырыбы да, мәдениет тақырыбы да жатыр. Ең үлкені - қазақ әдебиетінің тарихында Майлықожа ақынның әлі де өзіне лайық орын алмаған тұлға екені көзге ап-анық көрініп тұр. Сондықтан көптеген тосын, жаңа, қатпар-қатпар әдебиет тарихы ашылып жатқан соң, бұл фильмнің жолы ауыр болды. Оның үстіне, денсаулығым жарамай, мен бұл фильмді аяғына дейін жеткізе алмадым. Қазір бұл фильм "Қазақфильм" киностудиясының басқа режиссеріне берілді, ол аяқтаған соң үлкен экранға жол тартады деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Гүлнәр Жомартова