Қазақтың екі боксшысы жеңістерін Тәуелсіздік тойына арнады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Батыр Жүкембаев (7-0, 6KO) пен Абылайxан Құсайынов (4-0, 3ko) ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап өткізген жекпе-жектерінде кезекті жеңістеріне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокс кеші (Астана уақыты бойынша 17 желтоқсан) күні Канаданың Квебек қаласында өтті.

Жүкембаев өзінің жетінші кездесуінде мексикалық боксшы - Мануел Марезге қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіске жетсе, Құсайынов өзінің төртінші кездесуін мексикалық Хесус Переске қарсы өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша қарсыласынан басым түсті.

Екі боксшы да осыған дейін соңғы жекпе-жегін 23 қазан күні Лемье-Риос шоуында өткізіп, қарсыластарын теxникалық нокаутпен ұтқан еді. Онда Жүкембаев мексикалық Иван Перейраны 5 раундта, Құсайынов қарсыласын 2 раундта теxникалық нокаутқа түсірген болатын.