Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 64-ші маусымы ашылады

АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 64-ші маусымын «Ақан сері - Ақтоқты» қойылымымен ашпақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұсаукесері  63-ші театр маусымының жабылу салтанатында өткен бұл драманың режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Жанат Хаджиев.  Қоюшы суретшілер Қанат Мақсұтов пен Серікқан Омаров, ал музыкасын жазған Ақтоты Райымқұлова.  Онда басты кейіпкерлерді  Бейбіт  Камаранов (Ақан сері), Гүлбаһрам Байбосынова (Ақтоқты),  Сағызбай Қарабалин (Хазірет), Еділ Рамазанов (Жалмұқан), Сафуан Шаймерденов (Сердәлі), Сағат Жылгелдиев (Қоңқай) сияқты өнер шеберлері сомдайды.

 Театр  қазан айындағы  репертуарында жасөспірімдер үшін «Күшік күйеу», «Жұбайлар-ай, жұбайлар!», «Тұншыққан сезім», «Көгілдір такси», «Кішкентай үйдің үлкен құпиясы», «Сүйе білсең...», «Бұлбұлдар түні», «Бөлтірік бөрік астында», «Ең әдемі келіншек», «Мулен-ружға шақыру», «Жұмақтағы жасын», «Тұрымтайдай ұл едің» қойылымдары мен «Махаббат сазы» поэзия кешін ұсынып отыр. Ал балаларға арналған шығармаларының қатарында бұл жолы «Чипполина және оның достары», «Қазына іздеген Буратино» және  «Томпақ қонжық» пен «Тазша бала» ертегілері бар.