Қазақтың қандай бренді бар
Даяшылардың барлығы - қазақ жастары
Асхана десе, көз алдымызға пластмасса ыдысқа салынған тамақ, көз тартарлық интерьері жоқ, тек қана жүрек жалғауға арналған жер елестейді. «Қағанатқа» қанағат тұтқан халыққа элиталы асханалардың көбеюі ұнады, рас. Олай дейтініміз, Алматыда биыл ашылған «Перекусити», «Базилик» сынды тамақтану орындары бар. Бірақ «Мәдениді» ерекше атап отырған себебіміз - қазақылық басым. Даяшылардың бәрі қара көздеріміз, мәдениетті әрі әр келушіге ілтипатпен қарайды. Бағалары әдеттегі асханалардан сәл қымбат. Орташа есеппен адам басына - 1000-1500 теңге. «Мәдени» асхана желісінің басқарушысы Қуаныш Шоңбайдың айтуынша, бұл асхананы ашуға қалтасынан ақша жұмсамаған. Инвесторлар өздері сұранып, қаражат құйған. «Бүгінде салынған қаржы көлемі миллион доллардан астам. Алдағы уақытта инвесторлар жалпы көлемі 5 миллион беруге даяр» дейді Қуаныш Шоңбай. Тағамдарды әзірлеуге жергілікті азық-түліктер алынады. Әзірге, бұл бренд Алматы және Астана қалаларында ғана. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық қаласынан ашу жоспарда бар. Сонымен бірге Дубай мен Нью-Йорк қалаларынан филиалдары ашылмақ.
Toi Driver - өте қажет қосымша
Ұялы телефонға арналған бұл қосымша бүгінде брендке айналып келеді. Идея авторлары - 26 жасар Жандос Тұрсынбаев пен Думан Молдаханов атты кәсіпкерлер. Осы қосымшаның көмегімен тойдың түр-түрін өткізуді толықтай ұйымдастыруға болады. Барша қазақстандық артистер, визажистер, асабалар, фотографтар мен мейрамхана иелерінің базасы жасалған. Сол жерден өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз, қаражатыңызға байланысты іздеп табуға болады. «Тапсырыс берушілерге қосымша тегін болып қала береді. Ал тапсырыс қабылдаушыларға алдағы уақытта 500 теңге етіп, ақылы қылатын ойымыз бар» дейді Жандос пен Думан.
Қазақстанда жасалатын IT-жобалардың 90 пайызын шетелдік, соның ішінде украиналық мамандар жасайды. Ал Toi Driver-ді өзіміздің қазақ жігіттер жасап шыққан. Қазақтың тойын қазақтан артық кім біледі? Жобаға «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар қолұшын беріпті.
Жоғары деңгейге шыққан Sulu сабыны
Елімізде әзірге жалпыұлттық деңгейге шығып, еуропалық сапамен сабын шығаратын кәсіпорын әзірге осы ғана. Бастапқыда 350 мың теңге инвестиция салынған. Қазір сабынның 25 түрін шығарады. Жасау үшін сабын қайнатудың өзіндік дәстүрі қалыптасқан түрік технологиясын пайдаланады. Жақында ғана «халал» стандартына ие болған. Брендтің негізін қалаушы Ерген Сейсебаевтың айтуынша, мемлекет бөлетін субсидиялар мен бағдарламаларға қатысып, қолдау тауып отыр. Сабын бағасы 60-380 теңге аралығында. Айына 50 тоннаға жуық сабын жасалады. Өткен жылы 2 миллионнан астам сабын сатылған.
Ұлттық киім тігетін «Ерке-Нұр» шеберханасы
Бұл тігін шеберханасы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кез келген киімдерге тапсырыс қабылданса да, басым бағыт ұлттық киімдерге беріледі. Негізін қалаушы - Фарида Мерхамитқызы. «Ерке-Нұр» жай ателье емес, өз алдына үлкен компания. Жылдық тапсырыс көлемі - 600-1000 киім шамасында. Орташа бағасы - 300 мыңға жуық. Қымбат болу себебін компаниядағылар мата мен заттардың сапасымен, толықтай қолдан тігілгенімен байланыстырады.
Қазақтың «Құрақ көрпесі»
Құрақ құрау - шыдамдылыққа тәрбиелеп қана қоймай, ысырапқорлықтан сақтауға таптырмас әдіс. Ата-салтты сақтап, құрақ көрпені заманауи үлгіде жасайтын «Құрақ көрпе» компаниясын бірі білсе, бірі білмес.
Фэшн-индустрияға, дизайн саласына мүлдем қатысы жоқ Жанар Шораева тәуекелге бел буып, 2013 жылы кәсібін бастаған. Кейін мамандармен бірлесіп жасауға кіріседі. Өнімдерін байырғы бұйымдардың көшірмесі дегеннен гөрі, қазіргі заманғы интерпретациясы деген дұрыс болар. Құрақ көрпеден бөлек, «Айналайын», «Жаным» секілді принттері бар жастықтар жасайды. Көрпешенің бағасы 10-20 мың теңге шамасында. Сөмке және сол сияқты аксессуарларды 5-18 мың теңгеге сатып алуға болады.
Отандық бейнебаяндар көрсететін арна
Тек қана қазақ орындаушыларын, отандық әншілердің бейнебаяндарын көрсететін жалғыз телеарна бар. Ол - «Гәкку ТВ». 2014 жылы ашылып, елге тарай бастады. «Каналда күніне 500-ден астам бейнебаян көрсетіледі. Және бір ерекшелігі - ротация үшін ақы алынбайды. Егер клипті жиі көрсеткенін қалаған жағдайда ғана ақысы үшін келісуге болады» дейді арнаның негізін салушы Санжар Мұстафин.
Бұл арна - артистерден ақша алмайтын әзірге жалғыз бизнес-модель. Бұларға ақша қалай келеді? Оларда продакшндар, ивент-агенттіктер бар. Солардың есебінен телеарна жұмысы жүріп отыр. Бұл стартап бизнестің барлық заңдылықтарына сәйкес құрылған.
«Әдемі-Айдың» әсем бұйымдарын-ай!
Бұл компанияның нарықта жүргеніне 16 жыл болды. 2000 жылы құрылған «Әдемі-Ай» ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын, кәдесыйлар жасайды. Бүгінде еліміздің барлық қалаларында бөлімшелері бар. Тауарларының бағасы қолжетімді деп айтуға келмейді. Бірақ Empire сынды ұлттық бұйымдар дүкенімен салыстырғанда арзанырақ. Мәселен, кәдесыйлардың бағасы - 20 мың теңгеден жоғары, ал жібек орамалдар - 11 мың теңге шамасында. Есесіне бұйымдардың дизайны мен сапасы көзге ұрып тұр.
Құртафелло ма, Рафаэлло ма?
Бұл бренд елімізде былтыр ғана дүниеге келді. Атауы баршаға таныс Rafaello секілді болғанымен, тәттіге қатысы жоқ. Атауындағы «құрт» жұрнағы айтып тұрғандай, ауылдың құрты. Мұндай тапқырлықты Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаева ойлап тапқан. Атауына байланысты авторлық құқық бойынша да Астана қаласының мамандарымен кеңесе отырып, бекіткен. Құрт бағасы - 60 теңгеден 150 теңгеге дейінгі аралықта. Бірақ қаптамасы қымбатқа шығып кеткендіктен бір қорабы 250 теңгеден сатылады. Әзірге, қорапты қолдан жасайды. Бірақ бизнес жақсы дамып кетсе, арнайы қаптама жасайтын аппарат алу ойында бар.
Mukajan - ұлттық бұйымдар компаниясы
Негізінен, ұлттық бұйымдар жасаумен айналысатын жас компания. Бір ерекшелігі осы бизнесті бастау үшін несие алынбаған. Тауарлардың басым көпшілігі теріден жасалады. Соның ішінде әмиян, жол дорба, сөмке, ұялы телефонға арналған қаптар жасайды. Бұйымдардың барлығы қолдан жасалады. Сол себепті біраз қымбатқа түседі. Сөмкелер 20 мыңнан жоғары, ал ұялы телефон қаптары 2 мың теңгеден басталады.
Бар балаға арналған «Бал бала»
Ойыншық баланы тыныштандырып қана қоймай, дамытуы да тиіс. Осы ретте белгілі продюсер, кәсіпкер Қыдырәлі Болманов жақсы шешім ұсынды. 2010 жылы «Бал бала» атты интерактив ойыншықтар жасайтын компания құрған. Бір ерекшелігі барлық ойыншықтар прототипі - өзіміздің ертегі кейіпкерлері. Мәселен, Алдар көсе, Тазша бала, Ер Төстік ойыншықтары жасалады. Сондай-ақ Қарақат Әбілдинаның да қуыршақ түрі бар. Бағалары нарыққа сай. Мәселен, Алдар көсе 7 мыңға жуық, ойыншық барыстың бағасы - 3 мың теңгеден.
P.S. Отандық өнімдерді қолдау үшін арнайы бағдарламалар қабылдануда. Сонымен бірге жыл сайын «Қазақстанда жасалған» атты көрме ұйымдастырылады. Сол жерде әр кәсіпкер өз өніміне жарнама жасауына болады. Биыл Астанада өткен мұндай көрмеге 300-ден аса компания қатысқан. Бұл да болса, елімізде шағын және орта бизнестің даму қарқыны өсіп келетіндігін көрсетіп отыр. Егер бәсекелестік осылайша артатын болса, отандық кәсіпорындардан нағыз «бум» күтуге болады.
Жадыра АҚҚАЙЫР