***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің сапа саласындағы «Алтын сапа», бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы «Парыз» байқаулары бойынша сыйлықтарының және Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы сыйлығының лауреаттарын марапаттауға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Марапаттау рәсімі барысында Қазақстандағы индустриялық нысандардың тұсаукесері және оларды іске қосуға арналған жалпыұлттық телекөпір болып өтті. Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі спорттық кешенінде Премьер-Министр К.Мәсімовтің және Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен салтанатты рәсімге 6 мыңға тарта адам қатысты. Осы жайттар қамтылған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Қуатты Қазақстанның қарышты қадамдары» деген тақырыппен беріліп отыр.
«Кеше Орталық сайлау комиссиясы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 54 кандидат енгізілген партиялық тізімін тіркеді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, ЖСДП-ның тіркелген партиялық тізіміндегі кандидаттардың құрамында бес ұлттың өкілі бар. Олардың 25 пайызын әйелдер құрайды. Тізімге енгізілген кандидаттардың 40 пайызы жасы 55-ке дейінгілер. Ал ең жас үміткердің жасы - 25-те. Білімдеріне келсек, кандидаттардың 96 пайызы жоғары білімді. Олардың үштен біріне жуығының мамандықтары заңгер және экономист болып келеді. Үміткерлердің 25 пайыздан астамы түрлі халық шаруашылығы салаларының мамандары.
***
Астанадағы Хан шатырында Тәуелсіздіктің 20 жылдық құрметіне жалпы салмағы 300 келі болатын ет асылмақшы. Мұндай жағымды жаңалықты жариялап отырған «Айқын» газетінің жазуынша, үйде ғана қазан көтеріп үйренген қазаққа ғана емес, елімізді мекендейтін өзге ұлттар мен қадірлі қонақтарға да жеңсік ас ретінде белгілі ет ұланасыр рәсім ретінде тұңғыш рет ұйымдастырылмақшы. «Акция 16 желтоқсанда «Хан шатырда» Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Бұл туралы кеше «Қазбренд» қоғамдық қоры хабарлады», - деп жазады басылым.
«Ирландияның астанасы Дублин қаласында кикбокстың фул-контакт жүйесі бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы сапында 13 спортшы өнер көрсетті. Нәтижесінде 8 медальға ие болдық. Тарқатып айтсақ, 1 алтын, 3 күміс және 4 қоланы олжалаған жерлестеріміз командалық есепте мықтылар санатына қосылды», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Дублиннен сегіз жүлдемен оралды» деген тақырыптағы мақаласында. Сондай-ақ осы басылымның «Топжарған» айдарынан спорт сүйер қауым үшін тағы да бірқатар жаңалықтар берілген.
***
Сүйінші! Қазақтың екі бірдей кемесі Қара теңізге шықты. Aframax үлгісіндегі су жаңа мұнай таситын танкерлерге «Алатау» және «Алтай» деп ат қойылып отыр. Олар Қара теңіз және Жерорта теңіздері бойымен қатынап, Қазақстанның мұнайын Еруопаға тасымалдайды. Осыған орай кеше, желтоқсанның 9-ы күні Грузияның Батуми портында аталған екі жүк кемесінің бірі - «Алтай» танкерінің тұсауы кесілді. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақтың кемесі Қара теңізге шықты» деген тақырыптағы мақалаға назар салыңыз.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин бастаған палата депутаттары ГФР ІІМ Парламенттік Статс-хатшысы, Федералдық үкіметтің көші-қон және аз ұлттар жөніндегі уәкілі, Қазақстанда тұратын немістер мәселесі жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Кристоф Бергнермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.