Қазақтың кілемдерінде кездесетін белгі-символдар 2,5 мың жыл бұрын тоқылған кілемдерде дәлме-дәл кездеседі - Ж.Құрманғазиев

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Апа-әжелеріміз осыдан 2,5 мың жыл бұрын қолданылған символдардың мағынасын терең түсінген. «Үйде құт-береке болсын», - деп, оларды тоқыған кілемдеріне түсіріп жоғары ілген. Бұл ойын бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында  «Қазақстанда кілем тоқу өнерінің болашағы бар ма?» тақырыбында өткен семинарда ою-өрнектерді зерттеуші Жәрдем Құрманғазиев білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ж.Құрманғазиевтің айтуынша, Бозарық қорығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде осыдан 2,5 мың жыл бұрын тоқылған ең ежелгі кілемдердің қалдықтары табылған. Олар қазір Санкт-Петербордағы «Эрмитажда» сақтаулы. «Ең қызығы,- дейді ол, - сол кездегі кілемдерде қолданылған белгі-символдар қазіргі қазақ кілемдерінде дәлме-дәл кездеседі.

«Бұл - кілем тоқу өнерінің 2,5 мың жыл бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқанынын белгісі. Апа-әжелеріміз олардың терең мағынасын білген және үйде құт-береке болсын, - деп кілемдеріне түсіріп отырған», - деді ол.

Зерттеушінің айтуынша, қазіргі ұрпақ та кілемдерде қолданылған және қолданылып келе жатқан ою-өрнектердің мән-мағынасын түсінуі қажет. Мәселен, қазақтың барлық дерлік кілемдерінде кездесетін «қошқар мүйіз» оюы, оның пікірінше - тау ішінен шығып келе жатқан адамды бейнелейді. Сол сияқты «ромб» тәрізді белгілер - пирамиданың үстінен қарағандағы көріністі береді. Яғни бұл - таулар, ал таулар - атам-заманнан бері ұлы тұлғалар, белгілі қолбасшылар  тағдырында маңызды рөлдер атқарған.