Қазақтың көрнекті ғалымы, академик Рахманқұл Бердібай дүниеден өтті
Р.Бердібай 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан ауданының Көкіш ауылында өмірге келген. Түркістан педагогикалық училищесін бітіріп, Қызылорда педагогикалық институты мен Қазақ Мемлекеттік университетінде оқыған.
Еңбек жолын Оңтүстік өңіріндегі Ащысай орта мектебінде мұғалім болып бастап, Мақтаарал, Ильич, Фрунзе аудандарында орта мектептердің директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарды. Кейіннен Алматыға келіп, «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Қазақ кеңес энциклопедиясы Бас редакциясында жауапты хатшы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінде меңгеруші болып жемісті еңбек етті. Өмірінің соңына дейін Түркістандағы Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет жасады.
Р.Бердібай 34 жыл бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің ректоры міндетін қоғамдық негізде атқарды. 1961 жылы «Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы» тақырыбында кандидаттық, 1970 жылы «Қазақ романдарының негізгі теориялық проблемалары» бойынша докторлық диссертация қорғады.
Әдебиетке өлеңмен келген ол елуінші жылдары әдебиет сыншысы ретінде танылды. Ғалым қазақ әдебиеттану ғылымының түрлі мәселелеріне арналған 32 кітап, 1200 мақала жазды. «Әдебиет және өмір», «Роман және заман», «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы», «Дәстүр тағылымы», «Аңыздан романға», «Ғасырлар толғауы», «Қазақ тарихи романы», «Биік парыз», «Замана сазы», «Мұхтар шыңы» секілді монографиялары мен кітаптары көпшілікке жол тартты.
Р.Бердібай дәуірдің жазушы шығармашылығына тигізер әсері, сюжет пен мінез, замандас бейнесі, жанр сипаттары жайлы терең толғамды тұжырымдар жасап, мақалалар жазды. Ғалымның «Сарқылмас қазына», «Кәусар бұлақ», «Эпос - ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Қазақ түркі эпостарының мәселелері» сияқты күрделі зерттеулері қазақ халқының аса бай эпостық мұрасының мәселелерін зерттеуге арналды. Ол «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклористикасының тарихы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақ фольклорының типологиясы» секілді іргелі академиялық зерттеулердің жазылуына жетекшілік жасады, осы зерттеулердің негізгі тарауларын жазысты.
Туысқан түркі халықтарының әдебиетіне, рухани байланыстарына, тарихи тамырларына арналған «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы» кітаптары жарық көрді. Ұлтжанды ғалымның «Ел боламыз десек» атты кітабында халқымыздың алдында тұрған ұлы мұраттар руханият аясында батыл көтерілді.
Р.Бердібай - біршама халықаралық академиялардың академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы, Махмұд Қашқари атындағы халықаралық, «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлықтарының иегері. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Өмірде сыпайы қалпынан айнымаған, өресі биік ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтын шын сүйген қайраткер тұлғаның асыл бейнесі ел жадында әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақтың көрнекті ғалымы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рахманқұл БЕРДІБАЙДЫҢ қайтыс болуына байланысты ғалымның отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.