«Қазақтың қымызы - немістің өнімі» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 маусым, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Жыл басынан бері жырланған аттестаттау қаhары құқық қорғау органдарын жылы орындарынан тұрғызғалы да біраз болды. Бұл сынақ туралы еліміздің талай мамандары өз пікірлерін білдірді. Өйткені, осы жолғы аттестаттау қатардағы жай сынақ қана болып қалмай мемлекетке, ең бастысы ортақ тәртіптің сақталуы үшін заңымыздың орындаларына сенген қарапайым азаматтарымызға пайдасы тиер деген үкілі үмітке айналды. Енді сол күткен сәт те туды. Кезектен тыс аттестаттау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші ке­зеңде Президент Әкімшілігі жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясынан Комитет Төр­аға­сының орынбасары, аумақ­тық кеден органдарының бас­тықтары мен олардың құқық қорғау бөлігіне жетекшілік ете­тін орынбасарлары өтті.  «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында аттестаттаудың барысы жайында  Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары       А. Ержановтың айтқан мәліметтерді «Абыройды арттырмақ» деген тақырыптағы мақалада басып отыр.

Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өткені жазылған. Онда Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «Экологиялық проблемалар және оларды шешу жолдары» деген тақырыпта баяндама жасады. «Бірінші - мемлекетіміздің энергетикалық секторымен байланысты экологиялық проблемалар. Олар еліміздегі ауа бас­сей­­нінің негізгі ластаушысы және парниктік газдар мен өн­дірістік қалдықтар шығарынды­ла­рын шы­ғарушы болып табылады. Республикамыздың энерго себе­ті 90 пайыз көмірге тәу­елді. Тәу­елсіз есептеулер көр­сет­кендей, 2020 жылға қарай көмірдің шығарындылар шыға­ру көрсет­кіші олардың жалпы көлемінің 66 пайызын құрай­тын болады. Мұндай энергосек­тордың құры­лы­мы бізге ке­ңес­тік шақтан мұра болғаны мәлім, сонымен қатар, ол аталған ши­кізаттың үлкен қорымен және арзанды­­ғымен ақталады», дейді министр. Осы жайында толғырақ білгіңіз келсе «Басты мақсат - қолайлы қоршаған орта қалыптастыру» атты мақаланы оқыңыз.

  ***

«Айқын» басылымының жазуынша, қытайлық  БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда, халық арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес қытайлардың 75 пайызы қымыздың пайдасын білетін болып шыққан. Алайда олардың барлығы қымыздың қазақтың ұлттық тағамы екенін біле ме? Олардың 10 пайызға жуығы ғана қымыздың ұлттық сусын екенін айтқан. Қазір қытайлар қымыз ашыту әдістерін Қазақстанға арнайы маман жіберіп, зерттеп жатқан көрінеді. Бұл туралы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Гүлия Әлиханқызы Алматыда өткен «Қазақстан Республикасы халқының материалдық емес мәдени мұралары: қазіргі жағдайы мен келешегі» аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім етті. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақтың қымызы - немістің өнімі» атты мақаланы қараңыз.

***

«Қауіпті дәрілер құрсақтан алады»,- деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Басылымның жазуынша, бүгінде «аборт вирусы» асқынып тұр демеске амал кем. Құрсақтағы құндылығынан құтылу үшін жасы да, жасамысы да осы бір қауіпті отаға жүгінуге жүгіріп жүргендері. Елімізде жылына 150 мыңнан 300 мыңға дейін аборт  жасалады екен. Сандар осылай «сайрайды».  Ең қорқыныштысы - болашақ аналарымыз - бүгінгі жас қыздар құрсағын қырнатып, абортқа жүгініп жүргені жүрегіңді ауыртады. Мысал керек пе, мархабат... Өткен жылы 15-18 жас аралығындағы қыздарға 241 түсік жасалыпты. Бесіктен белі шықпаған, қылығы түзде қыздарымыздың тірлігі осы болып тұр бүгінде. Бұл әңгіме бүгінде айтыла-айтыла тулақ боп кеткен түрі бар. Осы мәселеге қатысты түйінді тарқату әл-әзірге мүмкін еместей. Түсік жасату әйелдердің денсаулығына зиянын тигізе отырып, ұлттың тектік қорын бұзады деп дәрігерлер дабыл қаққалы қашан.

 Аталмыш басылым бүгінгі санында «Мұнай арзандаса да, бензин арзандамайтыны қалай?»,-деген тақырыппен мақала басты. Грекияның жағдайы мүшкіл. Әне-міне дегенше Испания соның кебін киетіндей. Еуроодақ тығырыққа тірелді. Қытай мен АҚШ экономикасының жүрісі баяулап, шикізатқа сұраныс төмендеді.  Сауд Арабиясы мұнай өндірісі көлемін ұлғайтып, отқа май құя түсті. Осының бәрі қара алтынның бағасын төмендетті.  Сөйтіп, кеше  Brent маркасының бір баррелі - 99 доллар, ал солтүстік америкалық WTI маркасы  84 доллар деп белгіленді.  Кейбір сарапшылар мұнай бағасын құрауда сұраныс пен ұсыныс бұрынғыдай шешуші рөл атқармайды деседі. Өйткені қара алтын тауар болудан қалып, қаржы активіне айналған.

***

«Время» басылымының жазуынша, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Бұл жайында газетке телефон арқылы Қазақстанның аталған елдегі елшілігінің қызметкері Данияр Арынғазин хабарлаған. «Біз Анталиядағы консулдықпен ұдайы байланысқа шығып отырмыз. Олардың мәліметтері бойынша біздің азаматтар жер сілкінісінен зардап шеккен жоқ»,-дейді ол. Естеріңізге сала кетейік, 10 маусымда Түркияда жер сілкінісі болды. Магнитудасы 6,1-ді құрайтын жерасты сілкінісі Мугла провинциясы жағалауы маңында тіркелді.