Қазақтың қызы өз мерекесін әлемдік спорттың көшбасшылары арасында қарсы алуға мүмкіндік алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Швейцарияның Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиада комитетінің ұйымдастыруымен спорттағы әйелдер мәселесіне арналған xалықаралық форум өтіп жатыр. Шараға алғаш рет Қазақстанның өкілі қатысуда, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның бокс федерациясына сілтеме жасап.

Форумның негізгі мақсаты - спорттағы басшылық қызметтерге, соның ішінде менеджмент пен коучингке әйелдерді кеңінен тарту. Осы тақырыпқа арналған пікірталастарға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 60-тан астам спортшы мен сарапшы мамандар қатысуда. Олардың ішінде ХОК Бас директоры Кристоф де Кеппер, ASOIF президенті Франческо Риччи Битти, BBC Sport директоры Барбара Слатер, Халықаралық күрес федерациясының басшысы Ненад Лалович, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аян бар. Биылғы форумға алғаш рет Қазақстанның атынан отандық бокс федерациясының үйлестірушісі, AIBA әйелдер комиссиясының мүшесі Динара Болатбекқызы қатысып жатыр.

«Бұл жерде біз коммуникациялар мен тәлімгерлік бойынша өзара тәжірибе алмасып жатырмыз. Мәселен, xалықаралық коуч Габриела Мюллер бізге спорттың барлық деңгейлеріне әйелдерді кеңінен тартудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Аталған шара - Халықаралық Олимпиада комитеті мен жазғы Олимпиада бойынша xалықаралық федерациялар қауымдастығының (ASOIF) бірлескен бастамасы. Дәл осы әріптестіктің арқасында гендерлік саясаттың біраз мәселелерін шешуге болады. Мен үшін аталған шараға қатысу - үлкен абырой. Томас Баxтың жеке шақыруын алғаныма өте қуаныштымын. Биылғы 8 наурыз мерекесі мен үшін ерекше сипатта өтуде. Ол мейрамды ХОҚ басшылығы мен көшбасшы әйелдердің арасында қарсы алатыныма қуаныштымын», - дейді Динара Болатбекқызы.

Ертең, наурыздың 8-і күні форумға қатысушылардың алдында ХОК президенті Томас Баx сөз сөйлейді.