Қазақтың майдандық журналистикасы туралы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 20-сы күні «Қазақтың майдандық журналистикасы» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған бұл шараны ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы, Қазақстан журналистика академиясы және ҚР Ұлттық кітапханасы бірігіп ұйымдастырып отыр. Конференция аясында Қазақстан журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаевтың «Соғыс жалыны. Қазақстанның майдандық баспасөзі» тарихи-публицистикалық туындысы таныстырылмақ. Онда майдандық журналистиканың бұған дейін белгісіз болып келген беттері алғаш рет енгізіліп, мұрағат жәдігерлері мен фото құжаттар және Ұлы Отан соғысының сұрқай күндеріндегі ұлттық публицистиканың үлгілері оқырман назарына ұсынылып отыр.

Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ тілінде 20-ға жуық майдандық, арммиялық және дивизиондық газеттер мен жүздеген үнқағаздар шығарылған болатын. Олардың басты мақсаты жауға деген өшпенділікті қалыптастырып, майдангерлердің Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтып, фашистік жаулап алушыларға тосқауыл беруді ұйымдастыру еді. Оларды біршама дайындығы бар және кейін ұлтық руханиаттың көрнекті өкілдеріне айналған Д. Әбілов, С. Омаров, М. Дінішев, Ә. Сәрсенбаев, Т. Әшімбаев, Қ. Бекхожин, С. Сейітов, Ж. Молдағалиев сияқты 70-ке жуық журналистер шығарып отырды. Майдандық журналистердің қатарында сондай-ақ З.Айтқожина, Т.Мәткәрімова, Р.Жанбекова секілді әйелдер де болды.